Бейнелеу өнері музейі бөлек болса деймін

04 наурыз, 11:32130

Шыныбай ағаның осыдан үш жыл бұрын Оқушылар сарайында «Шабыт» атты жеке көрмесі өтті. Сонда ол кісіні алғаш көрдім. Тым қарапайым. Артық сөз жоқ. Тіпті, қойған сұрағыма қысыла жауап берді. Содан-ақ суретшінің адамдығы, адалдығы байқалып тұрды. Жалпы, қылқалам шеберлерінің болмысы басқа өнер иелеріне қарағанда бөлектеу. Олар оңаша аралда өмір сүретін адамға ұқсайды. Дабырлаған топқа да қосылмайды, саяқтау жүреді. Шыныбай ағамен жұмыс бөлмесінде оңаша кездестік. Үлкен бір жұмыстың үстінде отыр екен. Соның арасындағы қаға берісте әңгімеге тарттық.

Шыныбай ПІРІМБАЕВҚазақстан Суретшілер одағының мүшесі

– Аға, суретшілік те екі адамның біріне қона бермейді. Қазақ негізге қарап, «әкесі шебер еді немесе атасы зергер еді, баласы соған тартқан ғой» деп айтып жатады. Әулетіңізде осындай адамдар болды ма, өнер солардан дарыды ма деп жорығаным ғой...

– Рақмет! Қазақ не айтса да біліп айтады. Әкем Ізтілеу соғысқа қатысқан майдангер еді. Әкемнің көзі тірісінде оның ағаш жонып, балта ұстап жүргенін көрген жоқпын. Бірақ оның құрдастары «Ізтілеу жас күнінен қолы ісмер, шебер болатын» деп айтып отыратын. Соған қарағанда ол кісі өнерден қара жаяу болмаған. Алдымдағы ағаларым суретті керемет салады. Марқұм үлкен ағам суретті көшіргенде айнытпай жіберетін. 

Өзім бала күнімнен сурет салғанды жақсы көрдім. Мектеп ішіндегі барлық іс-шаралардың суретін салатын едім. Біздің бала кезімізде Арал теңізі жайлап тартыла бастады. Сонда да теңіздің асау толқындарын көріп қалдық. Теңізге мотоциклмен барамыз. Ол кезде теңіз жиегінде қоныстанған елді мекендер көп еді. Теңіз тартыла бастағаннан кейін біраз ауылдар бері көше бастады. Кейбір отбасылар біздің ауылға көшіп келді. Біздің Қаратерең Сырдарияға жақын, дария іргемізден ағады.

Осындай теңізі толқып, шалқып жатқан табиғаттың аясында өскендіктен, өнерге жақын болдым. Мектепте оқып жүргенде үш бала дос болдық, олар да бейнелеу өнерін ұнататын. Қазір соның бірі ауылдағы мектеп директорының орынбасары болса, екіншісі ұсталықпен айналысады. Егер екеуі де өнерді қуғанда жақсы суретші болатын еді.

Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін оқуға баруға мүмкіндігім болмады.  Алматыда көркемсурет училищесі бар дегенді естігенмін. Сонда оқысам деп армандаймын, бірақ үйде менен басқа бас көтерер ешкім жоқ.  ғаларым – әскерде, қарындастарым кішкентай. Әкеміз жоқ, содан анама қолғабысымды тигізу үшін оқуға барған жоқпын. Әскерге кеткенше совхозда жұмыс істедім. Армиядан оралғаннан кейін үйде ағам болды, содан оқуға бару керек деген алдыма мақсат қойып, анамның рұқсатын алдым.

 – Қандай оқуға бардыңыз?

 – Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне бардым. Бірақ жолым болмады. Ондағылар «сізге әлде де дайындық қажет» деді. Енді бейнелеу өнерінің құпиясынан хабарсыз, ауылдан келген жігітпін. Содан Қызылордаға тартып отырдым. Ол кезде қаладағы Суретшілер одағының филиалында жұмыс істейтін Жаңаберген Осымбетов деген ауылдас суретші ағама келдім. Соның шеберханасына жатпай-тұрмай дайындалдым. Суретшіліктің қыр-сырын үйрендім. Бұл шеберханаға қылқаламды серік еткен барлық шеберлер жиі бас сұғады. Бір-біріне жаңа жұмыстарын көрсетіп, пікірлеседі. Бейнелеп айтқанда, күн сайын араның ұясындай гуілдеп жатады. Маған осы орта үлкен мектеп болды, көп нәрсені жадыма тоқыдым. Сосын Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түстім. Ұстаздарым Қалиолла Ахметжан мен Аман Бақтығалиевтан дәріс алдым. Екеуі де – Санкт-Петербургте оқыған, бейнелеу өнерінің құпиясын меңгерген мамандар. Күндіз-түні ізденістен бас көтермедім. Сол жылдары үздік түлектерді Мәскеуге барып оқуға жолдама беретін. Жоғары курстың балалары «оны саған береді ғой» деп айтып жүрді.

 – Аға сіз енді ауылдан Алматыға келіп, үлкен мектеп көрдіңіз. Содан не түйдіңіз?

 – Елде жүргенде мықты суретшілердің картиналарын көрген жоқпын. Әсіресе, Еуропа суретшілерінің жұмыстары мені мүлде таңғалдырды.   Қастеев мұражайына жиі барамын. Сонда Қанапия Телжановтың туындысы ілініп тұрады. Оның «Көкпар» картинасын көргенде бойыңыздағы рух атойлап тұрады. Жаңатай Шәрденовтің портреттері мен пейзаждары қандай?! Тұнып тұрған көркемдік. Мен оны бұрын көрген емеспін. Енді өмірге, өнерге басқаша қарай бастадым. Шабытым оянып, мен де сондай ғажап дүние салсам деп армандадым.

 – Сонымен Мәскеуге училищені бітіріп кеттіңіз бе?

 – Иә. Училищеге келген екі жолдаманың біреуі маған бұйырды. Қасымдағы жігіт Санкт-Петербургті таңдады, мен Мәскеудегі В.Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет академиялық институтына баруды жөн көрдім. Шығармашылық емтиханнан қиналмай өттім. Алматыда оқып жүргенде салған жұмыстарымды комиссия мүшелері жылы қабылдады.

 – Орысшаңыз қалай еді?

 – Отан алдындағы борышымды Мәскеуде өтедім, сондықтан бұл қала маған жақсы таныс, соншалықты жүрексінген жоқпын. Ол жақта тіл маңызды емес, олар талантқа, қабілетке қарайды, шығармашылыққа мән береді. Қосымша сабақтар кешке басталады. Ал таңертең кескіндеме, түстен кейін cурет сабағын оқисыз. Түнімен  қалып жұмыс істеуге болады. Ұстазым Сергей Щербаковтон дәріс алдым. Академияда оқу жүйесі жақсы жолға қойылған.  Түлектер сала бойынша маманданады. Ресейде көркемсурет оқу орны жетеді. Солардан шыққан үздіктер Суриковқа келеді. Дипломдық жұмысыма туған ауылымды бейнелеп, оны «Түйешілер көші» деп атадым. Туындының  ұзындығы – 3 метр, биіктігі – 1жарым метр. Былайша айтқанда, қырдағы қазақтың өмірі. Осы картинаны бір жыл салдым. Нәтижесі жаман болмады, комиссияда отырғандар жоғары бағалады.

– Мәскеуде алты жыл оқыпсыз, талантты суретшілермен де араласқан боларсыз, олардың шеберлігі сізге қалай әсер етті?

– Ресейде өнерге деген құрмет басқа, халықтың көзқарасы да өзгеше.  Мәселен, бізде бір суретшінің көрмесі өтсе, оған тек таныстары ғана барады. Бірде Мәскеуде Леонардо да Винчидің көрмесі өтті, сонда бір портретті көру үшін адамдар кезекке тұрғанды көрдім. Ондағы көрменің жарнамасы да жер жарып тұрады. Суретші үшін музейдің орны бөлек. Өзім Мәскеудегі музейлерді армансыз араладым. Сондағы орыстың бейнелеу өнеріндегі құбылыс жасаған суретшілердің шығармаларын көріп, шабыттандым.  Мәскеудегі бейнелеу мұражайлары қорға өте бай. Академияны тәмамдағаннан кейін, 2001 жылы елордаға келдім.

– Сіздің туындыларыңызда астананың табиғаты әр қырынан көрінеді.

– Табиғатты, оның аясында жүргенді сондай жақсы көремін. Елорданың шет жағында көркем жерлер жетеді. Мені айнадай жалтырап тұрған ғимарат қызықтырмайды. Қайта бір қабырғасы қисайып тұрған үйді салғанды ұнатамын. Солардан татымды туынды шығады.

 – Бейнелеуде қандай бағыттың өкілісіз, қазақ суретшілерінің ішінде табиғатыңызға кімді жақын көресіз, кімдер бағаланбай қалды дейсіз?

 – Менің бағытым – реализм. Бұл – өте күрделі бағыт. Көркем бояуды дәл бере білу керек. Ал ұлттық қылқалам шеберлері ішінде табиғаты «анау немесе мынау жақын» деп ешкімді бөле-жара айта алмаймын. Шәрденовтың картиналарын жақсы көремін. Кескіндемелері шынайы, табиғатты жақсы меңгерген. Телжановты да жоғары бағалаймын. Түстерді алуы, композициясы ұнайды. Қылқалам шеберлерінің әрқайсысы – бір-бір тұлға.  Бейнелеу өнеріндегі әр бағыт дамуы қажет. Суретшінің шеберлігі тәжірибемен келеді. Кез келген талантты суретшінің қолтаңбасынан танисыз.

 – Суретшілердің өмірі мен шығармашылығы туралы сирек жазылады.  Бейнелеу өнерінің де қыры мен сыры көп емес пе?

 – Әрине. Қылқалам шеберлері жайында ара-тұра болса да өнертанушылар жазып жүр. Өнертанушылар біздің өнерімізге баға беріп жатады. Жақсыны жақсы дейді, болмаса сынайды. Бұл – өнердің заңы. Бейнелеу өнері жайында  қазақша кітаптар санаулы. Сондықтан қазақша оқулықтар көптеп жазылса екен. Өйткені ауылдан келген балалар орысшаны жетік білмегендіктен, қиналады. Практика мен теорияның жолы екі бөлек. Жақсы суретші болу үшін теорияны да жетік білген жөн. Біз шетелге барып, атақтылардан дәріс тыңдадық. Көкжиегіміз кеңейді. Өмірден жинаған қорымыз мол. Біздің музейлерге әлемге танымал суретшілердің картиналарының көшірмесін салып, іліп қойса болады. Балалар соны көріп, әсер алар еді. Негізі, елордада бейнелеу өнерінің музейі бөлек болса деймін. Әлемдегі туристердің дені бейнелеу музейін көруге келеді. Бұл бюджетке қаншама қаржы түсіреді. Айталық, өзіміз шетелге бара қалсақ, алдымен мұражайға табан тірейміз.   Шетелдіктер халықты өнерімен бағалайды. Мысалы, Голландиядан қаншама талантты суретшілер шықты. Сол арқылы мемлекеттің де атағы жер жүзіне жайылды. Осындай насихат бізге де керек.

– Елордада өткен жеке көрмеңізге  біраз болды. Енді көрмеңіз қашан тамашалаймыз?

 – Бұл жайында ойланып жүрмін. Жұмыстарымды әлде де толықтыра түскім келеді. Осыдан алты-жеті жыл бұрын Португалия, Испания, Италия, Түркия елдерінде болып, білімімді жетілдірдім. Сонда жүргенде көрмелерім өтті. Түркиядағы көрмеме осы елдің сол жылдардағы президенті Абдолла Гүл қатысты. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушы болып жұмыс істеймін. Көп уақытымды ұстаздық қызметім алып қояды. Тәжірибемді, білімімді шәкірттерімен бөлісіп жүрмін. Өсіп келе жатқан талантты балалар жетерлік. Тек соларға шынайы қолдау қажет!





Наверх