«Азия жаңғырығы» - біздің бренд

07 шiлде, 18:01203
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Цирк өнеріндегі Азия жаңғырығы халықаралық фестивалі елордалықтардың сүйікті мәдени шараларының біріне айналған. Биыл бұл байқау 12 мәрте ұйымдастырылып отыр. Осы жылғы фестивалдің қандай ерекшелігі бар, жалпы Азия жаңғырығы қазақстандық цирк өнері үшін қаншалықты тиімді, несімен құнды? Елорда Инфо тілшісі Астаналық цирктің басшысы, Қазақстанға еңбек сіңірген артист, «Парасат» орденінің кавалері Ерік Жолжақсыновпен осы жөнінде сұхбаттасып қайтты.

Ерік Жолжақсынов «Астаналық цирк» МКҚК бас директоры

- Ерік Қалиұлы «Азия жаңғырығы» жыл сайын өткізіліп жүргенімен, әр жылғы фестивалдің өзіндік ерекшелігі бар. Биыл көрермендерге қандай жаңашылдық ұсынасыздар?

-«Азия жаңғырығы» Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігінің және қалалық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен әр жылда астана күніне орай ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын қазылар алқасын іріктеп, бағдарламаны қайта қарап, бір жаңашылдық енгізуге тырысамыз. Сонысымен де көрермендердің көңілінен шығып жүрген фестиваль деп ойлаймын. Бұл жолы біз цирк өнеріндегі жас ұжымдарды байқауға іріктеп алдық. Өйткені жастар бір-бірімен араласуы керек және өзге елдердегі әріптестерінің өнерімен танысқаны жөн деп санаймыз. Жастарды қолдап, қанаттандыру, өнерін одан әрі шыңдау - осы фестивалдің басты мақсаты. Бұған қоса тағы бір айта кететін жәйт, биылғы қатысушылардың өнерін бағалайтын қазылар алқасының құрамында Чарли Чаплиннің ұлы Юджин Чаплин бар. Ол кісімен Венгрияда өткен фестивалде кездестік, бізге қазылық етуге ұсыныс жасаған болатынмын. Ол кісі бұл ұсынысымды сүйіспеншілікпен қабылдады. Бұл да фестивалдің деңгейін көрсетсе керек. Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында Беларусь мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан, Үлкен Варшава циркінің директоры Ержи Козиак, Мемлекеттік Рига циркінің директоры Лолита Липинская, профессор, Ереван циркінің көркемдік жетекшісі Сос Петросян Иосиф, Украина Мемлекеттік цирк компаниясының директоры Сергей Кабаков, Италиядағы Халықаралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтико, Firebird Productions, Inc. компаниясының президенті Петр Дубинский және т.б. цирк өнерінің майталмандары бар. Бағдарлама «А» және «Б» деген екі бөліктен тұрады. 8 шілдеде гала концерт, сол кезде жеңімпаздарды марапаттаймыз.

- Биылғы фестивалге қатысушылар қай елден келген?

- Фестивалге қатысуға ниет танытушылар қатары да жыл сайын артып келеді. Олардың ішінде бұрын-соңды Қазақстанда болмаған өнер ұжымдары бар. Яғни олар «Азия жаңғырығы» XII аясында біздің елімізбен, біздің өнерімізбен, ұлттық болмысымызбен танысады. Ұлыбритания, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина елдерінен келген 60-қа жуық артист елорда тұрғындары мен қонақтарына өз өнерін көрсетеді. Бұған қоса елорда, Шымкент пен Алматы циркінің өнерпаздары да бақ сынайды. Біздің артистер фестивалге екі номер арнайы дайындап отыр. Көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығады деп ойлаймыз. Мұндай деңгейдегі қазылардың алдында өнер көрсету, олардың бір ауыз пікірлерін естудің өзі үлкен мәртебе әрі жауапкершілік жүктейтіні хақ.

- Астаналық цирк артистерінің шеберліктері мен өнері әлемде жоғары бағаланы жайында жағымды жаңалықтар БАҚ-тарда жарияланып жүр. Жақында Монте -Карло фестивалінде өзіңіз қазылық еттіңіз. Сіздің ойыңызша «Азия жаңғырығы» сол Монте-Карло фестивалі деңгейіне жете алады ма?

- Монте-Карло фестиваліне қатысушылардың өнерін бағалап, қазылық ету 50 жылға жуық тарихы бар біздің ұжым үшін, жалпы отандық цирк үшін айтулы оқиға деп білемін. Бұл бәріміздің ортақ жетістігіміз. Кино саласындағы ең беделді жүлде «Оскар» болса, цирк өнерінде Монте-Карло фестивалінің бағасы басым, берері мол. Оған мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар ғана қатысады. Азия жаңғырығы да одан кем емес деген пікірлерді естіп жатамыз. Монте-Карло цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс биыл келе алмады. Дегенмен келесі жылғы фестивалге міндетті түрде келетінін айтып және бұл шараның сәтті өтуіне тілегін жеткізген құттықтау хатын жолдады.

-Жалпы циркте өнер көрсететін жануарлардың, аңдардың рационы қалай бекітіледі. Оның да стандарты қарастырылған ба? Шетелдік қатысушылардың өз жануарларының рационына қоятын талаптары бар ма?

- Цирктегі жануарлар мен аңдардың тамақтану стандарты кеңес өкіметі тұсында жасалып, бекітілген. Содан бері оған ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Әрқайсының күнделікті жейтін тағамы анықталады. Мысалы жылқылардың түгі жылтырап тұруы үшін міндетті түрде сәбіз беріледі. Арыстандар болса күніне 6 келі ет жейді. Фестивалге қатысатын қонақтар жануарлары жейтін тамақтарын әдетте өздері алып келеді. Ретіне қарай келген жерінен де алып жатады. Пілдің денесіне қарап көпшілік көп тамақ жейді деп ойлайды, бірақ олай емес, бастысы құнарлы тағам. Мысалы пілдің рационына айран, ірімшік пен алма, банан сияқты жемістер кіреді.

- Цирк еркіндікте жүруі тиіс аңдарды қинап, қамап, пайда табуды ғана көксейді деген пікірлер айтылып жүр. Сонымен қатар арагідік аңдарды ұрып-соғып номерлерді үйретіп жатқан видеоларды көзіміз шалады. Осы тұрғыдан сіздің пікіріңіз қандай?

- Циркте жануарларды, аң мен құсты жақсы көретін адамдар ғана жұмыс істейді. Мысалы аң патшасы арыстанды үйрететін мамандар оларды құшақтап, ойнап, еркелетеді. Ешқашан ұрмайды, себебі олар кек сақтайтынын, адамның өзіне тарпа бас салатынын жақсы біледі. Пілді ұрып көріңіз, әп-сәтте барлығын төңкеріп кетеді. Табиғатта емін-еркін жүрген аңдар түрлі инфекциямен ауруы мүмкін, тамақ тауып жеудің жолы тағы бар. Ал мұнда күтім бар, ауыра қалса ем-дом жасайтын ветеринарлар жұмыс істейді. Сондықтан циркте өнер көрсететін хайуандар әдетте ұзағырақ жасайды. Аңдарды жуындырады, жем-шөбі дайын. Тағы бір тоқтала кететін жәйт біз оны таза өнер деп қабылдап, түсінуіміз керек.

-Сұхбатыңызға рахмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх