Димашқа концерт залы тарлық етеді

14 қаңтар, 17:13326
фото А.Сетековтің жеке мұрағатынан фото А.Сетековтің жеке мұрағатынан

Айқын Сетеков. Ол – қара домбыраның қасиетін бойына сіңіре білген азамат. Ол – әлемге талантымен танылған әнші Димаш Құдайбергеннің тобында өнер көрсететін өнерпаз жігіт. Ол – «Nomad» этно-ансамбль тобының мүшесі. Жақында Елорда Инфо редакциясы Айқынмен байланысқа шығып, сұхбаттасудың сәті түсті. Айқын өз әңгімесінде өнер жолына келген уақытынан бастап, Димашпен таныстығы, онымен бірге «Arnau» турымен шетелде өнер көрсеткені, «Nomad» тобының алда өткізгелі отырған жеке шығармашылық концерті туралы әңгімелеп берді.

Айқын Сетеков«Nomad» этно-ансамбль тобының мүшесі

– Айқын, ең алдымен өзіңізді оқырман қауымға таныстырып өтсеңіз. Өнер жолына қалай келдіңіз?

– Өзім Ақтөбе облысының тумасымын. Ақтөбе жерінде туып, ер жеттім. Бала күнімнен домбыраға әуес болып өстім. Өзім жақсы көретін әндердің музыкасын домбырада ойнауға құмартып жүрдім. Ән айтуға ыңғайым келмесе де әуенін домбырама салатынмын. Содан мектепке барғанымда әкем домбыра үйірмесіне жіберді. Міне сол күннен бастап қасиетті домбыраны жаныма серік етіп келемін. Мектептен соң колледжге өнер саласына тапсырып, білімімді жетілдірдім. Ары қарай арман қуып астанамызға келдім. Алғашқы мақсатым Қазақ ұлттық өнер университетінде мамандығымды шыңдау болатын. Оқуымды тәмамдап, қазір өнер жолында жүрмін.

– Ғаламтор беттерінен өзіңіз туралы ақпарат іздегенде өз тобыңызды құрып, көрермен алдында өнер көрсеткеніңіз туралы хабардар болдық.

– Иә, университет қабырғасында жүргенде бірнеше студент ұлттық музыка ансамблін құрғанымыз рас. Ол кездері этно бағытының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқан кезі еді. Оның атауын «Nomad» деп қойдық. Қобыз, домбыра, жетіген, жұртшылық ұмыта бастаған шертер секілді аспаптардың басын қостық. Бастапқыда өзіміз жай ғана қызықтап жинала салған болатынбыз. Топта екі қобызшы өнер көрсеткен кездер болды. Көп ұзамай, тобымызды заманауи бағытқа өзгерткіміз келіп, рояль, бас гитара қостық. Соның әсерінен жеті-сегіз адам өнер көрсеткен кезіміз болды.

Бір айтарым, топты құрған мен емес. Топты Олжас Құрманбек құрды. Міне осы Олжастың шақырумен келдім. Бастапқыда университетте өткен іс-шараларға шығып, өз өнерімізді көрсеттік. Кейінірек Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған жиындарға қатысып жүрдік. Министрліктің тапсырмасымен түсірілген фильмдердің тұсаукесерінде жұртшылық алдында өзіміз шығарған күйлерді қойдық.

– «Nomad» тобының 2018 жылы Әзербайжан еліне арнайы шақырумен барып өнер көрсетіп келгендеріңізді БАҚ беттері жарыса жазған еді...

– Иә, 2018 жылдың наурыз айында Әзербайжанның Баку қаласында Қазақстанның атынан V Халықаралық Мугам фестивалі мен ұлттық музыка байқауында өнер көрсеттік. Бізден бөлек, бұл байқауға 15 елдің өкілдері келіп қатысты. Барлығы жоғарғы деңгейде өтті. Әзірбайжан елі біздің өнерімізге тәнті болғаны сондай, фестивальдің басты ұйымдастырушысы әрі Ұлттық консерваторияның ректоры Сиявуш Керими мырзаның өтінішімен гала концерттің шымылдығын ашып арнайы қонағы болдық. Осыдан кейін жұртшылықтың бізге деген ыстық ықыласы тіптен артты.

– «Nomad» тобының шешілмей жатқан қиындықтары бар ма?

– Топ 2013 жылы құрылған болса, мен араға бір жылға жуық уақыт салып қосылдым. Бастапқыда бес адам боп құрылғанбыз. Бірақ этно-ансамбль боп топ құрудың үлкен қиындығы бар екен. Мысалға көрермен қауымның сахнаға шыққан әншілерді жаттап алуы тез. Ол біздің елде ғана емес, әлем бойынша бар үрдіс. Ал дәстүрімізді ұлықтайтын, ұлттық аспапта өнер көрсететін топтардың кеңінен танымалдылыққа ие болуы қиындау жұмыс екен. Оның машақаты көп. Әншілер той-томалақтардан күн көріп жүрсе, «Nomad» этно-ансамбль тобымыздың тұрақты табысы болған емес. Шыны керек, тобымызды сақтап қалу үшін алғашында концерттерге тегін шығып жүрген кездеріміз болды. Соның салдарынан әріптестеріміз өз бетінше күн көруге тырысып жүрді. Артынша бірді-екілі болып топтан шығып кетіп жатты. Бөлініп шығып жатқан соң орнына адам табуымыз керек. Жаңадан келген адамға тобымыздың осыған дейінгі туындыларын үйретуіміз керек. Немесе ешкімді таба алмасақ өз туындыларымызға өзгеріс енгізуіміз қажет. Міне бұл нақты бір табысымыздың болмауы себепті туындап отырған қиындықтар.

– Тегін концерттен «Nomad» тобына келіп-кетер қандай пайда бар? Мақсат – жұртшылыққа өз өнерлеріңізді паш ету ме, әлде...

­­– Ұсыныстар түссе болды, ойланбастан қабыл алып, концерттерге тегін шығып жүрдік. Мақсатымыз көрермен алдына шығып өнер көрсету ғана емес өзіміздің шығарған туындыларымызды жұртшылыққа таныстыру әрі сол арқылы пікірін білу болатын. Өнердегі біраз аға-әпкеміз ақыл-кеңестерін білдіріп жатты. Халық сыншы ғой. Артық-кемшін тұстарымызды осылайша түзеп жүрдік. Оның үстіне көпшілік алдына шығу да үлкен өнер екенін ұмытпаған жөн. Түсінген адамға ол да тәжірибе жинаудың бір жолы.

Мақсатымыз ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, жұртшылықты қызықтыра түсу болатын. Соның әсерінен гонорар қою бастапқыда ойымызға да кіріп-шықпаған еді. Концерттерге тегін шығып жүргенімізбен ұйымдастырушылар тарапы алғысын білдіріп, азды-көпті сыйақы берген кездері де болды. Ол тұрақты болмағаннан кейін тобымызды толық күйде сақтап қалу қиынға түсті.

– Ал топтың ұйымдастыру ісіне жауапты менеджер тағайындалғаннан кейін жұмыстарыңыз алға басты ма?

– Біздің о баста жіберген басты қателігіміз менеджерсіз жұмыс істегеніміз болды. Концерттерге шығып, азды-көпті тәжірибе жинаған болсақ, уақыт өте келе сұранысқа сай баға айтатын болдық. Сонымен не керек, бір адамды ұйымдастыру жұмысына жауапты етіп алмасақ, ісіміз алға баспады, шығармашылығымыз тоқырап қалды. Содан топ мүшелері ойлана келе өзімізбен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алған Айболат Оспановты ұйымдастыру жұмысына жауапты еттік.

Айболат келгеннен кейін ісіміз алға басты. Концерттерге қатысу бізге аса қиынға түспейтін болды. Менеджеріміздің бастауымен жоғарыда айтқанымдай, Әзербайжанның Баку қаласына одан бөлек Францияның Париж, Грузияның Тбилиси қалаларына барып келдік. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын іс-шаралардың біразында өнер көрсеттік.

– Қазір қай жерде бас қосып, шығармашылық жұмыстарымен айналысасыздар?

– Осыдан 2-3 ай бұрын «Астана» халықаралық университетінің басшылығынан арнайы ұсыныс түсті. Мұнда атқарылып жатқан үлкен жобалар бар екен. Ұсыныстары бірден ұнады, себебі басшылықтың өнерге деген әсіресе қазақ өнеріне деген ерекше құрметін бірден байқадық. Осында келгелі тұрақты жалақымыз белгіленді. Бізге осындай қолдау керек болатын. Қазір шығармашылық жұмысымызға көбірек көңіл бөліп, жұмысымыз қайта жанданды.

– Қазір репертуарларыңызда қанша туынды бар?

– «Nomad» репертуарында 10 шақты туындымыз бар. Бұдан да көбірек болатын еді. Бірақ оларды бес адаммен шығару мүмкін емес-тін. Себебі топтың бір кездері 7-8 адам өнер көрсеткен тұсындағы біраз шығармаларымыз сол күйі шаң басып қалып қойды. Енді жақында қатарымызға 2 адам қосылып, тобымыздың құрамы 7 адам болып толықты.  Қазір соның бәрін жаңадан өңдеу үстіндеміз. Бұдан бөлек, жобалардан ұсыныс түсіп, саундтрек ретінде жазған бірнеше туындымыз да бар.

– Айқын, өзіңді әнші Димаш Құдайбергеннің концерттерінен жиі байқап жатамыз. Сіз де Димаштың тобында өнер көрсетесіз ғой? Жалпы Димашты қашаннан танисыз?

– Димашпен бұрыннан таныспын. Екеуіміз де Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжде білім алдық. Екеуіміз де Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегіміз. Ол менен екі-үш курс төмен оқыды. Димаштың ата-анасын бұрыннан танимын. Жалпы оның шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Облыстық конкурстарға бірге қатысып жүрдік.

– Димаш Қытайда «Singer-2017» байқауында «Дайдидау» әнін ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындады. Ал қазір «Arnau» жобасымен біраз елде жеке концертін беріп жүр. Оның айналасына өз ісіне білікті, тәжірибелі мамандарды ғана жинайтыны көпшілікке белгілі. Сіз аталған концерттің бәрінің басы-қасында бірге болдыңыз ба?

– «Singer-2017» жобасында «Дайдидау» әнін домбырамен сүйемелдеуге ұлттық құрам керек болып, Қазақ ұлттық өнер университетіне министрлік тарапынан тапсырма түскен болатын. Соның негізінде оқып жүрген бір топ жас аттанды. Ал мен ол кезде оқуымды бітіріп кеткен болатынмын. Бірақ конкурс аяқталып, Димаш әншілік карьерасын бастағаннан кейін ұлттық аспапта ойнайтын үзеңгілестерін қасына жинай бастады. Осылайша Димаш жинаған құрамға ендім. Оның концерт беру туры алдымен Лондоннан басталды. Содан бері қасынан қалдырмай ертіп келеді. Соның арқасында Қытайдың, Ресейдің, Еуропа елдерінің біраз сахнасында, өткен айда Нью-Йоркте жұртшылық алдында өнер көрсету бақыты бұйырды. Домбыра арқалап жүрген бізге осындай көмегін тигізіп жүргені үшін алғысым шексіз.

Сұрағыңыздан тыс бір қызық айтайын, өзге әншілер жеке кешін өткізу үшін концерт залдарын іздесе, Димаш стадион іздейді. Ал ең қызығы, стадионға қанша халық жиналған болса, оның сыртында тағы сондай көлемде адам жиналады.

– Димаш қай елге бармасын қазақтың ұлттық аспаптарын дәріптеп жүреді. Қазір біраз елде домбыра шертуге құмар жандар көбейіп келеді.

– Ол рас. Қазір қазақтың қара домбырасына қызығатындар артып келеді. Оған Димаш айтарлықтай сеп болды деп ойлаймын. Димаш халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы ғой. Қазақ өнерін әлем алдына шығаруы еліміз үшін үлкен мақтаныш. Ол біздегі әншілік өнердің деңгейін тіптен көтеріп жіберді. Қазір дүние жүзінде жаңадан бір жұлдыз шықса, оның талантын Димашпен салыстыратын болдық. Бүгінге дейін елімізден шығып, Нью-Йорк сахнасында жеке концертін берген ешкім болған емес. Ол сахнаға домбыраны алып шығу арқылы қазақ халқының мәдениетін, ұлттық дәстүрін көрсетіп жатыр. Нью-Йоркте өткен концертінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында домбыраны алып шығу арқылы бала күнгі арманын орындағанын ерекше мақтанышпен айтты. Осыдан-ақ жеке басынан ұлттық мүддені жоғары қоятынын аңғаруға болады. Қазір домбыраны одан артық дәріптеп жүрген ешкім жоқ.

– Димаш Қытайға барғанға дейін кім еді? Қытайға барғаннан кейін кім болды? Сонда Қазақстанды мойындату үшін Димаш секілді алдымен әлемді мойындату шарт па?

– Сұрағыңыз ауырлау. Бір жағынан рас та шығар деп ойлаймын. Димаштың ізін жалғап Данэлия Төлешова, Ержан Мақсұм секілді жастарымыз алыс-жақын елдерге барып топ жарып келді. Сол арқылы елге танылып жатыр.

Екінші жағынан бұл оймен келіспеймін де. Себебі, осы салада бұрыннан еңбек етіп келе жатқан кез келген білікті адам талантты алыстан байқайды. Димаштың дауысының диапазоны алты октаваға дейін жетсе, кәсіби опера әншінің дауысы екі октаваға жетеді екен. Енді осыдан кейін Димаштың тума талантын қалай байқамасқа?!

Бүкіл өмірін әншілік бағытқа бұрған Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Майра Ілиясова секілді қазақтың бұлбұл дауысты әншілері Димашты әлдеқашан мойындап, ақ батасын берген.

– Димаштың сахнада өзін өзі ұстауы, сынға алса орынды қабылдай білуі көпшілікті тәнті етеді...

– Шын айтайын, оның мінезіне өзім де ғашықпын. Ол миллиардтаған халқы бар Қытайды, солтүстігіміздегі әлемдік держава Ресейді, мұхиттың арғы бетіндегі Американы мойындатып қойды. Ол қанша биікке көтерілсе де өзгерген жоқ. Сол бұрынғы қалпында. Жұлдыз ауруы оған тән емес. Ақтөбедегі үйіне бара қалсам әлемдік жұлдызды емес ата-әжесінің ерке баласын көремін. Мінез – адам айнасы. Ол ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен. Оның үстіне біздегі басқа өнер адамдарынан артықшылығы – ата-анасының кәсіби әнші болғанында. Қанат аға мен Света апай Димаштың өнер жолындағы әрбір кірпішін қалаған кісілер. Сондықтан Димаштың жұрт қызығарлықтай осындай көркем мінезді болуы әрі бүгінгі дәрежеге жетуі ата-әжесі мен ата-анасының жемісі деп білемін.

– Айқын, әңгімеміздің ауанын «Nomad» тобына қарай қайта бұрсақ, алға қандай мақсат қойып отырсыздар? Топтың он шақты туындысы бар. Бұл жеке концерт өткізуге жеткілікті болуы керек.

– Ойымды дәл таптыңыз. Қазір «Астана» халықаралық университетінің басшылығы бізге жеке концертімізді өткізуге мүмкіндік беріп тұр. Оның үстіне өзіміздің қанша жылдан бергі еңбегімізді көрсететін уақыт та келіп қалған секілді. Топ болып жүрген соң жұрт алдында нәтижемізді көрсетуіміз керек. Әлі де репертуарымызды толықтыруымыз қажет. Ол да қаржыны талап етеді. Ал университет тарапы осының бәріне қолдау көрсетуге уәде беріп отыр. Осы қолдаудың арқасында жеке кешімізді ауқымды деңгейде өткізу жоспарымызда бар. Шамамен осы жылдың аяғында немесе келесі жылы өткізсек деп ойлап отырмыз.

– Алда жоспарлап отырған жеке кештеріңізге Димаш Құдайбергенді шақырасыздар ма?

– Димаш қазақ өнерін арқалап жүрген азамат қой. Оның бос уақыты мүлдем жоқ деп айтуға болады. Әрбір күні түрлі шараларға толы. Оған «Arnau» туры кезінде көз жеткіздік. Бірақ шақыру ойымызда бар.

– Уақытыңызды бөліп, ойымызда жүрген сауалдарға жауап бергеніңізге көп рахмет! «Nomad» тобы өрлей берсін!





Наверх