Елордада австриялық Robo Winderkind модулі негізіндегі лагерь жұмысын бастады

03 шiлде, 14:57255
Автор: Elorda Aqparat

Австриялық Robo Winderkind модулі негізінде ашылған әлемдегі тұңғыш Robo Cube мектебі дәл біздің елордада орналасқанын білген бе едіңіз? Аталған мектеп маусым айынан бастап жазғы интенсивті лагерьлер ұйымдастыруда. Онда үй жинайтын «шаңсорғыш» робот, есік ашатын «швейцар» робот, тамақ дайындайтын «аспаз» роботтың рахатын көргісі келетін жеткіншектер осынау ғажайып саланың әліппесімен танысады. Бүгінде астанада өтіп жатқан EdTech форумына жиналған отандық білім беру саласындағы озық компаниялар өкілдері арасында Robo Cube мектебінің мамандары да бар. Заманауи мектептің әдіскері Сауран Бердібек Елорда Инфо тілшісіне бұл жобаның қыр-сырын баяндап берді.

Сауран Бердібек Robo Cube мектебінің әдіскері

– Сауран, Robo Cube мектебі қашан және қалай ашылды?

– Robo Winderkind модулі – австриялық бренд. Оның негізін салушылардың бірі – өзіміздің отандасымыз Рүстем Ақышбеков. Біз 2017 жылы осы жобамен серіктестік орнатып, 2 жарым миллион теңгедей инвестиция құйдық. Негізі, Robo Winderkind құрылғылары өте қымбат. Мәселен, Robo Live және Robo Code атты екі қораптан тұратын жиынтықтың бағасы – 400 еуро. Оны сатып алуға кез келген кісінің қалтасы көтермейтіні белгілі. Тіпті сатып алған күннің өзінде оны қалай дұрыс қолдануды біле бермеуі мүмкін. Осыны ойласа келе, Robo Winderkind құрылғыларының бірнешеуін сатып алып, қазақстандық балаларға робот техникасын үйрететін мектеп аштық.

– Мектепке қанша жастағы балалар қабылданады?

– Мектебіміз 6 мен 12 жас аралығындағы балаларға арналған.

– Алты жасар бүлдіршін үшін роботтың тілін түсіну қиын болмай ма? Жалпы, оларға қандай талап қойылады?

– Егер баланың қабілеті жетіп тұрса, төрт жастан да бастауға болады. Бізге келетін бала бірнеше қарапайым нәрсені білсе жеткілікті. Біріншіден, бала әріп тануы керек, егер екі әріптің басын қосып оқи алса, тіптен жақсы. Екіншіден, қосу және алу таңбаларын ажырата білуі қажет. Үшіншіден, кемінде 10-ға дейін санай алуы тиіс. Төртіншіден, түстерді айыра білуі шарт. Бұлар – алты жасар баланың қолынан келетін нәрселер.

– Олар лагерьде нақты қандай нәрселерді үйренеді?

– Баланың қолына берілетін қораптың ішінде негізгі блок, 270 градусқа бұрылатын севромотор және соны негізгі жүйемен жалғайтын коннекторлар болады. Осыларды құрастырып болған соң, бүлдіршіннің қолына арнайы қосымшасы бар планшет ұстатамыз. Жалпы, планшеттің орнына iOS немесе Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін кез келген смартфон жарайды. AppStore не PlayMarket дүкендерінен жүктеп алынған қосымшаның көмегімен әлгіндегі құрастырған роботтарға тапсырма орындататын алгоритм жазады. Мәселен, ұстаз «робот 50 сантиметр жүруі керек» деген тапсырма берді делік. Арнайы алгоритм жазған кезде робот егер алдынан физикалық кедергі кездеспесе – тоқтамастан 50 сантиметрге дейін жүруі, ал кездессе бағанағы айналма блоктың көмегімен кері бұрыла алуы керек.

– Алгоритмнің бәрі ағылшынша екені белгілі. Кейде бала ағылшынша сөзді түсінбеуі мүмкін. Ондайда не істейсіздер?

– Ондайда біз оларға сонда жазылатын команданы жаттатамыз. Мұғалімдер сол сөздердің қазақша не орысша аудармасын түсіндіреді. Мұғалімдеріміздің барлығы – Назарбаев университетіндегі инженерия және ғылым технологиясы факультеттерінің студенттері. Олар үш тілде де еркін сөйлейді. Сондықтан баланың тек қана қазақтілді не орыстілді болуы аса үлкен қиындық туғызбайды.

– Жазғы лагерьдің ұзақтығы қанша?

–Сабақ барысының 20 проценті теориядан тұрса, 80 проценті практикаға арналады. Курстың ұзақтығы – күніне 3 сағаттан 5 күн. Одан соң, балалардың сабақты қаншалықты меңгергендерін анықтау үшін математика және логика пәндері бойынша емтихан алынады. Одан сүрінбей өткендері қыркүйекте басталатын Arduino платформасында күрделі бағдарламалар жасау курсына қатыса алады. Бұл курста енді балалар белгілі бір пайдалы функцияларды орындайтын роботтарды толықтай өздері құрастырып, өздері бағдарламалайды. Ал Robo Cube жазғы лагері – соған кіріспе іспеттес.

– Істеріңізге сәттілік!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх