Әкемнің өнегелі ісін жалғасам...

07 шiлде, 14:13215

Қала күніне орай елордада дәстүрге айналған XII «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі басталды. Биылғы байқауға әлемнің біраз елінен цирк өнерінің 60-қа жуық майталманы келіп, астананы қызықты думанға бөледі. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – «әлемнің ең таңдаулы комигі» атанған Чарли Чаплиннің баласы 65 жастағы Юджин Чаплин қазылар алқасының мүшесі ретінде қонақ болып келді. Бұл кісі қазір халықаралық киноакадемия фестивалінің президенті, цирк фестивальдерінің креативті директоры, белгілі дыбыс режиссері және продюсер болып қызмет атқарады. Біз осы мәдени шара аясында жақсының тұяғымен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік.

Юджин Чаплинхалықаралық киноакадемия фестивалінің президенті, цирк фестивальдерінің креативті директоры

- Юджин мырза, қазақ жеріне қош келдіңіз. Еліміздің бас қаласынан алған әсеріңіз қандай?

- Рахмет! Бірақ мен астананы әлі толық аралап үлгерген жоқпын. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.

- Сіздің әкеңізді киносүйер қауым жақсы біледі. Ол кісі өмірде қандай еді?

- Әкем туралы көп дүние айтуға болады. Мен үшін ол кісінің орны бөлек. Әкем өмірде адамдарды өте жақсы көрді. Әсіресе талантты адамдары қадір тұтты. Мысалы, ол атақты ғалым Альберт Эйнштейнмен жақын сыйласты. Әкем негізі адамның миы қалай жұмыс істейтіндігіне таңғалатын. Ол өзі "адамның басты құралы - миы" деп айтатын. Және әкем өнер адамы болғандықтан жан-дүниесі өте нәзік еді. Әлемде қандай бір апаттар, жағымсыз оқиғалар болып жатса, соны уайымдап, мазасызданып қалатын.

- Атақты актер сізге «менің жолымды жалғастыр» деп айтқан жоқ па?

- Әкем маған актер бол деп айтқан емес. «Өз қалауыңмен өмір сүр» деді. Бірақ маған «Қандай мамандықты таңдасаң да өз ісіңнің шебері бол» деген ұлағатты сөз айтты. Осы нақылды ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Бүгінде әкем тұрған үй үлкен музейге айналды. Оған келушілер көп. Әкем тұтынған жәдігерлерді көзімен көріп, өмір жолымен танысып, таңғалып жатады. Қазір осы мұражайға бас-көз болып отырмын.

- Әкеңіз сіздің бүгінгі атқарып жүрген жұмысыңызға риза болар еді деп ойлайсыз ба?

- Әрине, қуанады деп ойлаймын. Мен өнер жолынан алыс жүрген жоқпын. Биыл әкемнің туғанына 130 жыл толды. Ол кісі 1977 жылы 88 жасында дүние салды. Одан бері де қырық жылдан астам уақыт өтті. Сонда да Қазақстанда әкемнің өнерін құрметтейтіндер көп екен. Мен осыған риза болдым.

- Сізді цирк өнерімен не байланыстырады?

- Цирк өнерін өмірімнің бір арнасы деп білемін. Сондықтан оны жақсы көремін. Оны кино саласының жалғасы деп айтуға болады. Сахнадағы цирк әртістерінің шеберлігіне қалай тәнті болмайсыз. Бұдан бөлек, музыкалық индустриямен айналысамын. Шоу бағдарламалармен шұғылданамын.

- Өмірде өзіңізді оптимист әлде пессимист санайсыз ба?

- Менің жаным оптимизмге жақын. Қолымнан келгенше қуанып жүруге тырысамын. Жарық дүниеде маған отбасымнан, балаларымнан, жұмысымнан қымбат ешнәрсе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бақыттымын.

- Қандай арманыңыз бар?

- Адамдар арманды арғымаққа теңеп жатады. Сонда да өзім бастаған жобаларымды соңына дейін аяқтасам деймін. Қазір үнемі ойымнан бір жоба шықпай жүр. Мысалы, ғимаратқа кешкі ас ішуге келген адамдарға өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы шоу бағдарламаларды көрсеткім келеді. Шынымен де, бұл өте қызықты бағдарлама болады. Сондай-ақ әкемнің өнегелі ісін одан әрі жалғап, оның есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталса деп армандаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх