ҚАНДАЛАДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

24 ақпан, 21:569748

66 Кейінгі кезде Астанада өздерін әлдебір жәндік шағып жүргенін айтып шағымданушылар көбейген. Былтыр дәл осындай шағыммен тиісті мекемеге 22 адам хабарласса, биыл жыл басталғалы шағымданушылардың саны 11-ге жетіп үлгерген. Астанада аяқ астынан қандаланың көбеюіне не себеп, одан қалай құтылуға болады, алдын алу шаралары қандай? Мәселенің мән-жайын Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің паразитарлық жұқпаларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Нағима Шатаевадан білген едік. – Нағима Түсенқызы, бұрын Астанада қандала қаптап кетіпті дегенді көп естімеуші едік... – Ия, дұрыс айтасыз. Бір кездері қандала атаулы жоғалып кеткен еді. Астанада алғашқы ошағы 2011 жылы білінді. Осы жылы елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданының солтүстік бөлігінде тұратын бірқатар тұрғындардың үйінен қандала шығып, біраз әбігерге түсірді. Бұлар өзге елдерден жұмыс іздеп Астанаға келген жалдамалы жұмысшылар болып шықты. Кейін қандала ошағы осы ауданның оңтүстік бөлігіне таралды. Ал, қазір қандала шаққаны туралы шағымдар қаланың бүкіл аумағынан келіп түсетін болды. Тексеру кезінде байқағанымыз, бұл жәндік көбіне жаңа жиһаз сатып алған үйлерден немесе  пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрген азаматтардан шығатыны анықталды. – Көбіне ағаш бұйымдарында, көрпе-жастықта тіршілік ететін қандаланың қауіптілігі неде? – Қандала – ұзақ өмір сүріп, тез кө­бейетін, адам қанымен қорек­тенетін  қанатсыз жәндік. Олар көбіне түнде «жорыққа» шығады. Қауіптілігі сол, қандай да бір жұқпалы аурумен ауыратын адамның қанын сорған қандала екінші сау адамға сол сырқатты жұқ­тыруы мүмкін. Соның салдарынан қызба, оба, сүзек сынды қауіпті жұқпа­лар таралуы мүмкін. Қандаладан қалай құтылуға болады? Алдын алу жолдары бар ма? – Бұл жәндік ішінде ең көп таралған түрі – төсек қандаласы. Үйге жаңа кілем, диван немесе шкафпен бірге кіреді. Сондықтан, осындай тұр­мыстық заттарды сауда үйлерінен, базарлардан сатып алмас бұрын жән­діктерге қарсы зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілгендігін, оның мерзімін және  дезинфекция жүргізген ұйымның актілерін талап ету керек. Өйткені, қандала үйге бір кіріп алғаннан кейін, одан құтылу – өте қиын. Жәндіктерді тек химиялық жолмен ғана бірнеше өңдеу арқылы 100 пайыз жоюға болады. Әлбетте, бұл шараны тек арнайы мамандар ғана жүргізе алады. Қаламызда осындай жұмыспен айналысатын жекеменшік серіктестер бар. Мысалы, Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалық орталығын айтуға болады. Телефоны: 28-95-01. Әрине, бұлардың қыз­меттері ақылы. Одан кейін меке­мелердің мекен жайын сайтымыздан табуға болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 





Наверх