iKOMEK109 орталығына жыл басынан бері 855 мың өтініш түсті

18 шiлде, 18:03565

Жыл басынан бері iKOMEK109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 855 мыңға жуық өтініш түсті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

iKOMEK109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы «Ақылды қала» жобасы аясында қаланы жедел басқару, елордалықтар мен шаһар қонақтарына қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру мақсатында 2017 жылдың желтоқсанында құрылған болатын. Осы уақыт ішінде iKOMEK109 орталығы IPMA Delta стандарттары бойынша халықаралық сертификаттаудан өткен әлемдегі 25-ші ұйымға айналды.

Жалпы, iKOMEK109 орталығын құрудағы негізгі тұжырымдама АҚШ-тың 311 және 911 қызметінің идеясынан туындаған. Мәселен, 311 нөмірі АҚШ-тың 300-ден аса қаласында мемлекеттік және федеральдық қызметтің 4 мың түрі бойынша жұмыс жүргізеді деседі. Ондағы қалалық сервис орталығының операторларымен тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында хабарласуға мүмкіндік қарастырылған. Нұр-Сұлтан қаласындағы iKOMEK109 орталығының 109 нөмірі АҚШ-тың осы 311 қызметіне ұқсастырылып құрылған. Бүгінде су, жылу, электр энергиясы, коммуналдық төлем (ЕРЦ), қоғамдық көлік сияқты барлық коммуналдық қызмет жөніндегі колл-орталықтар iKOMEK109 орталығына біріктірілген. Астаналықтарға ыңғайлы болу үшін құрылған бұл орталық коммуналдық қызметтер мен қалалық кеңселермен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қалалық әкімдіктің 17 басқармасы мен 4 аудандық әкімдік және 33 коммуналдық қызмет, 605 ПИК, 81 лифт шаруашылығына бағытталған сұрақтарды 109 қысқа нөміріне хабарласуға болады. Айта кету керек, орталыққа қалалық немесе мобильдік байланыс тегін. Осылайша, бұрын қоңырауға жауап бермейтін коммуналдық қызметтердің мәселесі бір жақты болды.

Сондай-ақ заман ағымына қарай орталықпен тек телефонмен ғана емес, елорда тұрғындарына түрлі байланыс арналары арқылы өтініштер жіберуге мүмкіндік бар. Жалпы, 109 нөміріне қоңырау шалуға, Whatsapp пен Telegram чат-ботына хабарлама жазуға, қала әкімдігінің ресми сайты мен фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілері арқылы жеделхаттарды жолдауға болады. Сол бойынша iKOMEK109 мамандары мәселелерге мониторинг жүргізеді.

Аптаның әр күнінде тәулік бойы қолжетімді болатын мобильді қосымша қаржымен қатар, уақытты да үнемдейді. Мәселен, бұрын апатты жағдайлар жөніндегі ақпараттар бақылауға ыңғайсыз әрі ақылы SMS-хабарламалар түрінде жіберіліп келген.

Мамандардың мәліметінше, орталыққа бір жыл ішінде миллионнан аса өтініш түсіп, оның 75 пайызы бірінші хабарласудан соң шешілген.

Жан-жақты оқытылып, біліктіліктерін арттыру курстарынан өткен кәсіби 74 оператор қаладағы барлық коммуналдық қызмет пен тіршілікпен қамтамасыз ету жөніндегі кез келген сұрақ бойынша хабарласқан тұрғындарға мүдірмей жауап береді. Барлық өтініш тіркеу нөмірімен тұрғындар шағымының реестріне енгізіліп, әрі қарай мәселе белгілі бір уақытта шешілу үшін мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтерге беріледі. Әр оператор 1700 қызмет түрі бойынша жауап беруге қауқарлы. Мамандар қоңырауға 16 секундта, #Astana109 хэштегін белгілесеңіз, әлеуметтік желіде 10 минутта назар аударып, сұрақ 7 күн ішінде қаралады.

Орталыққа күн сайын 7 мыңнан 15 мыңға дейін өтініш келіп түссе, орта есеппен күніне 2 мың өтініш бойынша жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде соңғы уақытта әкімдік аппараты мен басқармалардың, аудан әкімдіктерінің кеңсесіне келетін хаттар 20 пайызға төмендеген.

Айта кету керек, енді АҚШ-тың 911 қызметіне ұқсас 112 қызметін құру жоспарлануда. Яғни осы қызметке қаланың төтенше жағдай жөніндегі 101, 102, 103 нөмірлері бір колл-орталыққа біріктірілмек.

Заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдаланудың үлгісі болған бұл тәжірибе алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде қолданылмақ. 



Наверх