Елордада құқықбұзушылық саны 2 есеге азайды

11 ақпан, 12:273144
Автор: Elorda Aqparat

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық орындарында жасалған қылмыстардың саны 44,9%-ға азайған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова өзінің Telegram каналында мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Егер 2018 жылы қаланың қоғамдық орындарында 14 мыңнан астам құқықбұзушылық жасалса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 8 мыңға дейін азайған. Оның ішінде, қала көшелерінде жасалған қылмыстар 38,4% азайды. Бұзақылық әрекеттер саны 52,3%-ға қысқарды», - дейді Малика Бектұрова.

Бүгінгі таңда астанада «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жобасы бойынша 13 мың камера орнатылды. Оның ішінде 10 мыңы қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

«Бұл камералардың деректері қаладағы көшелерде болып жатқан жағдайды полиция қызметкерлері бақылайтын Ахуалдық орталыққа беріледі. Жол қиылыстарында және жолдың желілік учаскелерінде орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешендердің құрамына кіретін шолу камералары да астанада қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік береді. Камералар қаланың жатын аудандарында, мектептердің жанында, қоғамдық орындарда орналасқан. Сондай-ақ, мектептерде, балабақшаларда, қоғамдық орындар аумағында астанадағы қауіпсіздіктің  деңгейін арттыру  мақсатында меншікті камераларды интеграциялау жүргізілуде», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

 




Наверх