Заманауи технологияның тиімділігі мол

16 шiлде, 09:53407

Еліміздің кен орындарында геологиялық барлау жүргізуге арналған заманауи технологиялар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Экономиканың дамуына серпін береді

Қазақстанның жер қойнауы қазба байлыққа, минералды шикізатқа бай екені белгілі. Мұнайдан бөлек, еліміздің байтақ даласында игерілмей жатқан жерлер жетерлік. Бұл тұрғыда моноқалалардың жан-жағындағы минералды шикізатты ұлғайту мақсатында «Kazakhmys Holding» Корпорациясының тапсырмасы бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс жағынан 230 км қашықтықта жатқан Қарқаралы ауданына қарасты Озерное кен орнында геологиялық барлау жұмыстары қолға алынған. Мамандардың сөзінше, бұл – келешегі зор учаскенің бірі. Мұнда 400 мың тоннадан аса мыс шығуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ заманауи технологияның көмегімен бұл жерден шығатын мыс көлемін 1 млн тоннаға жеткізіп, кен орнын ұлғайту жоспарланып отырған көрінеді. Егер кен орнындағы межелеген жоспар ойдағыдай жүзеге асса, осы төңіректе фабрика салынып, оған жергілікті жұрт жұмысқа тартылмақ. Бұл өз кезегінде, ел экономикасының өсуіне сүбелі үлес қоспақ.

Қазіргі уақытта бұл жерде геофизикалық, яғни магниттік, аэромагниттік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Интерпретациялау, талдау жұмыстары жасалғаннан кейін бұрғылау жұмыстары басталмақ.

Айта кетсек, Озерное кен орнының аумағы 69,57 шаршы шақырымды құрайды.

Уақытты үнемдейді

Бүгінгі заманда уақыттың алтынмен бағаланатыны белгілі. Сондықтан нарық жайбасарлықты жақтырмайды. Қай істе де жылдамдық аса маңызды. Сол себепті де заманауи технологиясыз жұмыс істеу мүмкін емес. Осы ретте геологиялық барлау жүргізуге арналған жаңа технологиялар іске қосылды. Мысалы, бұрын ірі кен орнын ашу үшін 8-9 жыл жұмыс істеу керек болса, қазір ол заманауи технологиялардың көмегімен 2-3 есеге жылдам жүзеге асады. Осыған дейін геологиялық барлау жұмысы 3-4 айға созылып келсе, жаңа технологиялардың арқасында бұл процесске кететін уақыт бірнеше есеге қысқарған. 

Минералды ресурстарға бай Канадада аэромагниттік түсірілім жасау үшін квадрокоптер мен ұшқышсыз ұшақ және жерүсті барлау әдістері қолданылады екен. Жалпы, канадалық Abitibi Geophysics (Toronto, Canada) компаниясы әзірлеген «OreVision IP» әдістемесі бойынша дипольдік электр барлау арқылы зондтау технологиясы әлемдегі санаулы елдің кен орындарында сәтті қолданылып жатыр. Бұл технология енді Қазақстанда да жүзеге асырылуда. Жақында ғана «Kazakhmys Barlau» ЖШС Қарағанды облысына қарасты Озерное кен орнында аталған технологияның таныстырылымын өткізіп, ұшқышсыз ұшақ әуеге көтеріліп, аталған учаскенің аэрофотосы мен аэровидеосы түсірілді.

«Ұшқышсыз екі ұшақ ұшырамыз. Оның бірі әуеден бейнежазба түсіріп, оны штабтағы мамандар онлайн түрде көріп отырады. Екіншісі биіктіктен аэрофото түсіріп, маркшрейдерге ақпарат жібереді. Бұл техниканың ұшуы қауіпсіз әрі барлау жұмысын жылдам жүргізуге мүмкіндік туғызады. Қазақстанда біз ұшқышсыз ұшақты былтырдан бастап қолданып жүрміз. Мұнай-газ саласында, одан басқа әскери секторларда, әуежайларда да жұмыс жүргіземіз. Енді құрылыс нысандарында да, әсіресе су құрылысы нысандарында жұмыс істеу жоспарымызда бар. Ал кен орындарында жұмысты енді бастап жатырмыз. Әуеден түсірілген аэрофотолар геолог мамандарға беріледі. Сол бойынша олар осы төңіректің географиялық жағдайын, қауіпті аумақтарды анықтап, картасын сызып, нақты жоспар құрып, әрі қарай өз жұмыстарын жүргізеді. Бұл геологтарға барлау жұмыстарын жылдам әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Егер ескі тәсілмен тұтас бригада жаяу жұмыс істесе, күні бойы тек 80 шақырымды ғана еңсеруі мүмкін. Оның үстіне, оларға су, тамақ қажет дегендей. Ал ұшқышсыз ұшақ 3-4 сағат ішінде 70 км/сағат жылдамдықпен 200 шақырымнан аса аумақты жүріп өтеді», – дейді Kaz UAV компаниясының негізін қалаушысы әрі қаржы директоры Руслан Витвицкий.

Оның айтуынша, ұшқышсыз ұшақ 5 шақырым биіктікке дейін көтеріліп, әуеде 4,5 сағатқа дейін ұшуға қауқарлы. Бірақ ол көбіне 500-600 метр биіктікте ұшырылатын көрінеді. 

Кішкентай ұшақтың бағытын алыстан пультпен басқаратын маман оның түсірген видеоларын да монитордан онлайн түрде көріп отырады.

Тың технологияны өз мамандарымыз меңгереді

Пайдалы қазбаларды, жерасты суларды іздеу кезінде кез келген дала жағдайларында және инженерлік-геофизикалық зерттеулерде пайдалануда «OreVision IP» жүйесінің едәуір артықшылығы бар. Атап айтқанда, «OreVision IP» технологиясы бойынша жерүсті электрлік барлау зерттеулерін жүргізу барысында 700-800 метрге дейінгі тереңдікті қамтуға болады. Яғни, электрлік барлау жұмыстарында қолданылатын дәстүрлі поляризацияны туындату әдісімен салыстырғанда 2 есе тереңдеу. Бастысы уақытты үнемдейді. Соның нәтижесінде геофизикалық жұмыстарға жұмсалатын уақыт 3 есеге қысқарады. Яғни, дрондарды қолдану арқылы аэромагниттік түсірілімдердің көмегімен магниттік, аэромагниттік жұмыстар бір айда аяқталса, интерпритациялауға 10 күн кетеді.

«Дүниежүзі бойынша геофизикадағы канал 12-16-ға дейін ғана барады. Ал канадалықтар бұл технологиядағы каналды 30-ға дейін өсірген. Бұл дегеніміз басқалармен салыстырғанда барлауды 2-3 есеге дәлірек қыла түседі. Яғни кен орнының градусын, қай жағынан бұрғылауға болатынын бәрін анық көрсететін болады. Алайда аталған технологияны әзірге сатып алған жоқпыз. Канадалық компаниямен келісімшартқа отырып, зерттеу жүргізу үшін оларға еліміздегі полигон учаскесін ұсындық. Бұған дейін Қазақстанда квадрокоптер қолданылып көрмеген болатын. Озерное кен орнында зерттеу жүргізіп жатқан канадалық компания өкілдері бұл жерде қазба байлық бар екенін растап, технологияның нақты жұмыс істеп тұрғанына көзімізді жеткізсе, оны бірден сатып немесе жалға алатын боламыз. Канадалық әріптестеріміз осы айдың соңына дейін интерпритациялау жұмысын аяқтауы тиіс. Содан соң жоспар бойынша қыркүйек айында бұрғылауды бастамақ ойымыз бар, – дейді «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов.

Ал Abitibi Geophysics (Toronto, Canada) компаниясының бас геофизигі Пэм Коулстың сөзінше, аталған компания әлі де жаңа технологияларды әзірлеуге құлықты. Сол үшін олар бұл бағытта қаржыны да аямайтын көрінеді. Қазақстанның климаттық жағдайы Канадаға ұқсағандықтан, осы жерді таңдағандарын айтады ол. Айтуынша, Abitibi компаниясы Қазақстаннан бөлек, Оңтүстік Америка, Финляндия, Африканың екі мемлекеті мен Автралия және Үндістанда жұмыс жүргізіп жатыр.

«Abitibi компаниясының өкілдері Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына өте қуанышты. Қазір біздің компанияның қызметкерлері қазақстандық мамандарға жаңа технологиялардың қыр-сырын үйретіп жатыр. Жалпы, бұл аппарат бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда тиімді. Мысалы, бұрынғыларда жалғанған кабелдер көп болса, мұнда ондай жоқ. Салмағы да ауыр емес. Нәзік жандылар да оны оп-оңай көтере алады», – дейді Пэм Коулс.

Айта кету керек, бұл технологиялар кен орындарда тек мысты іздеумен шектелмейді. Барлау барысында сол учаскеде алтынның да бар-жоғын анықтауы мүмкін. 

Қазіргі уақытта шетелдік технологияны еліміздің мамандары үйрену үстінде. Алдағы уақытта аттың құлағында ойнағандай, аталған технологияны меңгеріп алған соң кен орындарында 100 пайыз қазақстандық азаматтар жұмыс істейді деп күтілуде.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх