Тәуелсіздік! Тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды

16 желтоқсан, 09:491395
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Тәуелсіздік – елдіктің ең биік тұғыры! Ал бүгінгі Тәуелсіздік күні – еліміздегі ең қасиетті де ұлық мереке! Ата-бабаның аңсаған арманы орындалып, осыдан тура 28 жыл бұрын қазақ халқы егемендікке қол жеткізді. Жалпы, ресми түрде мемлекеттің тәуелсіздігі қалай жарияланады? Оны кімдер мойындауы керек? Елорда Инфо тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Егемендікті ресми түрде кімнің мойындауы керек?

«Егер өздері өндіретін сыра мен жеке авиа желісі болмаса, нағыз ел болу мүмкін емес», – деген пікір білдірген екен атақты рок-музыкант Фрэнк Заппа.

Әлбетте, оның бұл пікірімен саясаткерлердің, тек саясаткерлер ғана емес, көпшіліктің де келісе қоюы екіталай. Шын мәнінде егеменді ел болу үшін кез келген мемлекетке қажетті 4 құндылық бар болса, ол – тұрғылықты халқы, территориясы мен шегендеулі шекарасы, үкіметі және өзге елдермен тиісті деңгейдегі қарым-қатынас. Ешкімнің айтқанымен жүрмей, ішкі және сыртқы жағдайды өз құзыретімен реттеп, басқа елдермен екіжақты немесе көпжақты байланыс орнатуда қай мемлекеттің болмасын, үкіметтің атқаратын рөлі зор, әрине.

Сонымен бодандықтан босап, өз алдына тәуелсіз жеке мемлекет болу үшін не істеу қажет? Бұл тұрғыда бір мемлекеттің тағдыры Жоғарғы кеңес немесе Парламент сияқты құзыретті органдардың яки ұйымдардың ірі жиындарында қаралып, оң шешім шыққан соң тағы бір тәуелсіз мемлекеттер сол елдің егемендігін мойындап жатады. Бірақ ол жеткіліксіз болуы мүмкін. Ол үшін егеменді мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы тиіс. Сонда ол елдің құқығына ешкім қол сұға алмайды. БҰҰ-ға мүше болып қабылданғаннан кейін ірі экономикалық ұйымдар мен механизмдеріне жол салынып, Бүкіләлемдік банктен қарыз алуға мүмкіндік пен шекарасын бақылауда ұстауға құқық беріліп, халықаралық қорғауға алынады.

БҰҰ-ның қолдауынсыз тәуелсіз мемлекет болу мүмкін бе?

Осы ретте «БҰҰ-ның мойындауынсыз тәуелсіз мемлекет болу мүмкін бе?» деген сұрақ та туындауы мүмкін. Дегенмен жер шарында ондай елдер жоқ емес. Мысалы, Африка құрлығындағы Сомалиленд елін айтуға болады. Шығыс Африкадағы бұрынғы британдық протекторат 1960 жылы бар-жоғы 4-ақ күн тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріпті. Одан кейін бұрынғы итальяндық Сомали құрамына қосылған. Ол Сомалидің бір бөлшегі ретінде Мохаммед Барре режимінің құлағанына дейін, яғни 1991 жылға дейін болған. Содан кейін Сомалиленд өзінің тәуелсіздігін бір жақты жариялаған. Саясаткерлердің айтуынша, ол елдің үкіметі мықты-мыс. Демократиялық жолмен сайлау өткізген деседі. Соның арқасында қазір онда бейбітшілік орын алған сыңайлы. Экономикасы да ерекше қарқынмен дамып жатса керек. Жалпы, онда жеке мемлекетке қажетті дүниенің барлығы бар көрінеді.

Алайда Сомалилендтің ең осал тұсы – оның тәуелсіздігін  БҰҰ мен ешқай мемлекеттің әлі күнге мойындауы. Бұл олардың алға жылжуына кері әсерін тигізбей қоймайтын тәрізді. Мәселен, қажет кезінде халықаралық көмек бұл елге тікелей емес, Сомали арқылы жөнелтіледі екен. Сол сияқты халықаралық инстацияның мойындауынсыз гуманитарлық көмекті ұйымдастыру да қиынға соғатын секілді. Онымен қоса, заңдық тұрғыда қолдаудың болмағанының кесірінен халықаралық нарыққа шығуға да мүмкіндік берілмейді деседі. Яғни Сомалилендтің валютасын ешбір елде айырбастау мүмкін емес.

Сондай-ақ осындай мемлекеттің қатарын Косово елімен толықтыруға болады. Косово 1990 жылдардың басында Югославия ыдырағаннан кейін жеке-дара бөлініп шыққан ірі елдердің бірі Сербия мемлекетінің автономдық өңірі болған. Егер егемендігін алса, жер аумағы едәуір кішірейіп қалатындықтан, Сербия билігі Косовоға тәуелсіздігін беруге аса құлық танытпаған. Косово албандарының талай мәрте қақтығыс жасауы 1999 жылы НАТО-ның әскер кіргізуімен аяқталған. Алайда 2008 жылы Косово бір жақты түрде өз тәуелсіздігін жариялады. Бірақ Сербия билігі олардың тәуелсіздігін заңсыз деп танып, БҰҰ-ның Халықаралық сотына жүгінді. Дегенмен судьялар «Халықаралық құқық тұрғысында бұл аумақтың тұрғындарына тәуелсіздіктерін жариялауға тыйым салынбайды» деген мәлімдеме жасаған. Содан бері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің жартысы Косовоның тәуелсіздігін мойындағанмен, ол әлі де егеменді мемлекет болып саналмайды. Себебі оны БҰҰ әзірге мойындамаған. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің 98-і, яғни 1/3-тен аса бөлігі Косовоның тәуелсіздігін мойындаса, биыл 15 мемлекет, соның ішінде Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясы аталған елдің егемендігін мойындаудан бас тартқан яки бейтарап бағытты ұстанған. Жалпы, ел тәуелсіздігін БҰҰ мойындауы үшін оған мүше мемлекеттердің 2/3 бөлігі, яғни 129 мемлекеттің қолдауы қажет.

Дегенмен тәуелсіздігі толық мойындалмаса да, Косовоға дербес мемлекетке тән кейбір құқық берілген көрінеді. Мәселен, оған Бүкіләлемдік банктен қарыз алуға және Халықаралық олимпиадалық комитетке мүше болуға мүмкіндік жасалған.

Сол сияқты Испания құрамындағы Каталония да тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болуға әрекет жасап жатыр. Алайда Испания билігі олардың бұл әрекетіне оң көзбен қарамағандықтан, Каталония мақсатына жете алмай отыр. Барселона көшелеріне былтыр миллионға жуық каталондық митингке шықса, биыл олардың саны 600 мыңға азайған. Дегенмен Испанияның құрамынан ажырағысы келмейтін, яғни тәуелсіздік алуға қарсы шыққан каталондықтар да митинг ұйымдастырған болатын. Жалпы, халықаралық ұйымдар да бұл елдің егемендік алуын қолдауға аса құлық танытып отырған жоқ.

28 жыл бұрын Әлем картасында Қазақстан мемлекеті пайда болды

Ал Қазақстандағы тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өтті. Бұл – Кеңес  Одағының ақтық демі таусылар кездің қарсаңы еді. Сайлауға 8,6 млн қазақстандық қатысып, олардың 98,8 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді.

10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру салтанаты өтті.

«Біз дербес өмір сүретін жағдайдамыз», – деді ант беру барысында Н.Назарбаев.

20 жылдан кейін бүкілхалықтық сайлау өткізілген 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесіне айналды.

«1991 жылғы сайлаудан кейінгі бірінші жұмыс аптасында, өзім 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заңның мәтінімен жұмыс істедім. Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады» деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында.

Естеріңізге салсақ, Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып бауырлас Түркия Республикасы мойындаған болатын. Бұл оқиға «Тәуелсіздік туралы» Заңға қол қойғаннан кейін бірнеше сағат өткенде болған. Қазақстандықтар түркі ынтымағының мұндай көрінісін жоғары бағалады. Ал содан кейін Қазақстанды Ресей Федерациясы, Америка Құрама Штаттары мойындады. 1992 жылдың 3 қаңтарында бұл ұлы державаларға Қытай, ал жылдың соңына дейін тағы 102 мемлекет қосылған.

Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. Халықаралық ұйымға мүше болу жаһандану жағдайында Қазақстанға саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуге және халықаралық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. 





Наверх