2019 жыл қандай саяси оқиғалармен есте қалды

31 желтоқсан, 21:122755
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

2019 жыл Қазақстан үшін саяси жаңалыққа толы жыл болды. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі 2019 жылғы еліміздің басты саяси оқиғаларына шолу жасады. 

Жылдың басында әуелі Бақытжан Сағынтаев басқарып отырған Үкіметі таратылып, Премьер-министрдің орын тағына Асқар Мамин келді.

Одан кейінгі басты жаңалық қазақтың төл жаңа жылы Наурыз мерекесі қарсаңында орын алды. 19-жылдың 19 наурызында сағат 19.00-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты арналарынан тікелей эфирге шығып, Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Бірақ бұл үндеу бұрынғы үндеулерден өзгерек болды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынындығын мәлімдеді.

Бұрынғы сайлау кездерінде өзіне үлкен сенім артып, дауыс берген барша ел халқына алғысын білдірген Тұңғыш Президент келесі сайлау өткенге дейін уақытша Президент қызметін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын, ол Қазақстанды басқаруға лайықты тұлға екенін айтты.

Телеарна эфирінде өкілеттігін тоқтату туралы Жарлығын оқып, оған қол қойған Н.Назарбаев:

"Бұл – менің Президент ретінде қол қойған соңғы Жарлығым", – деді.

Осынау жаңалықты естіген жұрт есенгіреп, екіұдай күй кешті. Көңілдері құлазып, қимастық сезіммен көз-жасына ерік бергендер де болды. Алайда елімізді соңғы отыз жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін, Қазақстанның дамуына әрі қарай да сүбелі үлесін қоса беретінін мәлім етті.

20 наурыз күні Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Ол саяси ұстазы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім білдіргені үшін алғыс айтып, Елбасының саясаттағы сарабдал жолын жалғастыратынын жеткізді.

«Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері Тұңғыш Президенттің қажырлы еңбегінің арқасы», – деді ол.

Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың бұрынғы төрағасы ретінде Елбасыға құрметті сенатор мәртебесін беруді жөн санағанын айтты. Сонымен бірге Тұңғыш Президент түсірілген барлық сурет пен фото жариялы нысандардың, мемлекеттік қызметшілер кабинеттерінің, оқу орындары ғимараттарының міндетті атрибуты ретінде қалатынын жеткізді де, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» орденін табыстады.

«Алдымызда ел болашағы үшін атқарылатын ауқымды әрі күрделі жұмыстар күтіп тұр», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігін атқаруға кірісті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру қажет деп есептейтінін айтып, ол үшін жиналғандарға бірнеше ұсыныс тастады. Соның бірі – Астананы Тұңғыш Президенттің есімімен «Нұрсұлтан» деп атау болды.

Президенттің бұл ұсынысын әуелі қалалық мәслихат мақұлдап, одан кейін Мәжіліс пен Сенатта қаралды. Қала атын өзгертуді қос палата да қолдады.

«Сенаттан қатысып отырған 43 депутат, қолдағандар да – 43. Мәжілістің 102 депутаты қатысып отыр, 102 депутат та бірауыздан қолдады. Сонымен, құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды», – деп мәлімдеді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин.

Осылайша, Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. 20 жыл ішінде әлемнің үздік қалаларының қатарына қосылып, аты жаһанға мәшһүр болған еліміздің елордасы Нұр-Сұлтан болып қайта түледі. «Елбасы мен елорда – егіз ұғым» деген тұлғалар Нұр-Сұлтанның да әлемге әйгілі Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Буэнес-Айрес, Рио-де-Жанейро сияқты брендке айналатынына сенім білдірді.

Ал 9 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялап, Президенттік сайлау өтетіндігін мәлімдеді. Бұдан кейінгі 2 ай саяси науқанға дайындықпен өтті.

9 маусым күні Қазақстан халқы өзі таңдаған кандидатқа дауыс беріп, нәтижесінде 70,96 пайыз дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Осылайша, Қ.Тоқаев заңды түрде сайланған Қазақстанның екінші Президенті атанды.

12 маусым күні астанадағы Тәуелсіздік сарайында Президенттің ұлықтау рәсімі өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ресми түрде ант берді.

Бұдан кейін маусым айында бас қала үшін тағы бір саяси өзгеріс орын алды. Яғни ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Айта кетсек, бұған дейін Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған болатын. Ал Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов жаңадан құрылған ҚР Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды.





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх