Қандастарға қамқорлық күшейеді

29 қараша, 17:11521
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазақстан Тәуелсіздік ала салып, әлемнің 40-тан аса еліндегі қандастарын Қазақстан дейтін қара шаңырақтың астына шақырды. Содан бері бір миллионнан астам қандасымыз отанына оралып, тәуелсіз елдің туының түбіне жиналғанымен, шетелде әлі де 6 миллионнан астам қазақ өмір сүріп жатыр.

«Қазақстан әлемдегі өз қандасын тарихи отанына шақырған 3 елдің бірі» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, көштің жолындағы кедергі, қандастардың қадамына тұсау, көңіліне қаяу салып жүрген келеңсіздіктер де жоқ емес. Әрине, Елбасының, мемлекет басышысының қандастар мәселесіне қайта-қайта назар аударып, өздері қадағалап, тапсырмалар беруінің нәтижесінде шешім тауып жатқан мәселелер де, жасалып жатқан тиімділіктер де аз емес. Керек десеңіз, азаматтық алу мәселесін жеңілдету, қандастарға жасалатын қамқорлықты күшейту жөнінде Ақордада жаңа жоба-жоспарлар да жасалып жатыр. Сол жаңалықтың біразын біз елордада «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» ұйымдастыруымен өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысынан естідік. Әлемнің 20 еліндегі қандастарымыздың 150-ден астам өкілі келген бұл шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев сынды лауазымды тұлғалар қатысып, қандастар туралы жағымды жаңалықтар жеткізді.  

Елбасының көші жалғасады 

Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 18 қарашада Қазақстан үкіметі «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерге жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттар туралы» заң қабылдады. Мұны қазақ көші басталуының заңдық негізі десек, бір айдан кейін жаңа жыл қарсаңында Н. Назарбаев күллі қазақты жаңа жылмен құттықтап, алыстағы ағайынды ата жұртқа шақырғанын ұлы көштің дабылы қағылған күн деп түсінген оң. Содан бері Елбасы шетелдегі қандастар мәселесін назардан ешқашан қағыс қалдырып көрген жоқ, керісінше, қандастарды отанға әкелудің ұтымды жолдарын қарастырумен келеді. Мемлекет басшысы Тоқаев та Елбасының сол ұстанымын үзбей, ұтымды жолдармен жалғастыруға күш салуда. «Шетелдегі қандастарымызды атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру– Біздің парызымыз» деп кесіп айтқаны соның айғағы. Мемлекет басшысының бұл сөзі «Назарбаевтан кейін көш тоқтап қала ма, алдымен Қазақстандағы қазақты жарылқап алмай, шетелдегі қазаққа жалпылдап не керек деп кері толғайтындар көшке көлденең бола ма» деген күдікті бір жолата сейілтті.

Қандастар мәселесі қаузалған халықаралық дөңгелек үстелде де ҚР мемлекеттік хатшысы, «Отандастар қоры» КЕАҚ қамқорлық кеңесінің төрағасы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Президенті Қасым-жомарт Тоқаев атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін мұқият қарап, қосымша іс- шаралар қабылдау туралы үкіметке, президент әкімшілігіне нақты тапсырмалар бергенін жеткізді.  

Мемлекеттік хатшы шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында қазақ диаспорасы өкілдері үшін Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында бакалаврияттың білім беру бағдарламалары бойынша квота көлемі 4 пайызға көтерілгенін, білім алушылардың 2747-ге жеткенін атап өтті. «Бұдан басқа қандастарымыздың баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өзінің шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шетелден келген ағайындарға құжатты ресімдеуде көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, шетелдегі отандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді енгізу жөнінде де маңызды шаралар да қолға алынады» деді ол. Мемлекеттік хатшы сөз соңында келесі жылы елімізде «Отандастар» халықаралық форумы өткізілетінін мәлім етті. «Ешқандай күмән болмасын- Елбасы да, мемлекет басшысы да, үкімет те ұлтымыздың болашағына қызмет етуде» деді Көшербаев. 

Қырық құжат жиырмаға қысқарады

Қағаз бастылықты азайтып, қандастарымыздың қысқа мерзім ішінде Қазақстан азаматы атануына мүмкіндік жасау үшін қандастардан талап етілетін құжат саны алдағы уақытта 43- тен 20 -ға дейін қысқартылады. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.  

Министр қандастардың Қазақстанға көшу мәселесін жеңілдетудің жолдары қарастырылып, жоба-жоспарлары жасалып жатқанын жеткізді. «Біз шетелдегі қандастарды қолдаудың жаңа тетігін кешенді түрде пысықтап жатырмыз. Екіншіден, министрлік этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Біз ағайындардың «Қандас» мәртебесін алуға өтініш беруінен бастап Қазақстан паспортын алғанға дейінгі барлық процессті талдап, қандастардан сұралатын құжат санын 46-дан 20-ға дейін қысқартамыз» деді ол.

 Дәурен Абаев құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет тек бір жерден– халыққа қызмет көрсету орталығында «Бір терезе» арқылы қызмет көрсетілетінін; уақыт және қаражат жағынан тиімді болуы үшін шетелдегі қазақтар кейбір өтініштерді Қазақстанның сол елдегі елшіліктеріне өтініш ету арқылы да алуға болатынын айтты.  
Министрдің айтуынша, енді қандастарымыздың 3 ай ішінде Қазақстан азаматтығын алуына мүмкіндік жасалмақ. «Біз бұл туралы арнаулы жол картасын әзірледік. Сол жобаға сай, барлық мемлекеттік орган қажетті құқықтық және ұйымдастыру шараларын қабылдауы тиіс. Бұл біріңғай терезе 2020 жылдың үшінші тоқсанының соңында толық күшіне енеді» деді Абаев.

Шетелдерде «Қазақ үйлері» ашылады

Шетелдегі қазақтармен мәдени қарым-қатынасты күшейту мақсатындағы қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйлері» ашылатыны да қуанышты жаңалықтың бірі болды. «Шетелдегі қандастардың тарихи отанымен мәдени-гуманитарлық байланысты дамытқысы келетінін білеміз. Сондықтан біз «Отандастар» қорымен бірлесіп, қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйі» қазақ мәдени іскерлік үйін ашу жөнінде ұсыныс бердік. «Қазақ үйлері» шетелдегі қандастарымыз бен Қазақстанды байланыстыратын алтын көпірге айналмақ.  





Наверх