Жастарымыз шетелде оқуға неге құмар?

21 қараша, 15:52876
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазақстанда соңғы 5 жылда жастардың саны 470 мың адамға дейін қысқарды. Яғни, қазақ жастарының дені оқуға, жұмыс істеуге шетелдерге кетіп жатыр деген сөз. Бұрын тарихи Отанына еліміздегі этнос өкілдері оралатын болса, қазір ұлты қазақ жастарының көпшілігі шетелдердің азаматтығын алуға ұмтылуда. Бір алаңдатарлығы, елімізден білімді, білікті, зерделі қыз-жігіттер кетіп жатыр. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамды толғандырған осынау түйткілід мәселенің түп-тамырына үңіліп көргенді жөн санадық. 

Жыл сайын еліміздегі мектептерді 100 мыңнан астам (мысалы, соңғы үш жылда 394 197 түлек бітірген) оқушы бітірсе, соның 20-30 пайызы шетелдік жоғары оқу орындарына түседі. Сыртқы істер министрлігінің ресми дерегі бойынша, бүгінгі таңда 91 мыңнан астам Қазақстан азаматтары шетелдерде оқып жүр. Соның ішінде, Қазақстанның солтүстік өңіріндегі облыстардың мектеп түлектерінің әрбір бесіншісі ресейлік университеттердің студенті атанатыны рас. Бір алаңдатарлығы, сол қыз-жігіттердің дені елімізге оралмайды. Тіптен, бұл мәселеге қатысты шынайы статистика да жоқ. Білім қуған жастардың елімізден көптеп кетіп жатқанына мынадай статистика дәлел болады: мәселен, 2018 жылы 4158 қазақстандық түлек шетелге аттанса, 2019 жылдың 9 айында 7658 түлек өзге елдердің жоғары оқу орындарын таңдаған.

Жастарымызды жат жарылқай ма?

            Соңғы жылдары шетелдік университеттер (ішінде беделдісі де, танымал емесі де бар) қазақстандық түлектерді таласа-тармаса оқуға шақырып, тегін грант беретін үрдіс қалыптасты. Мысалы, Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Алина Молдағалиева әлемдегі 11 жоғары оқу орнының білім беру грантын иеленді. Соның ішінде, 9 грантты АҚШ-тың, 2-еуін Гонконгтың университеттері берген. Биыл тестілеуден 1600 сұрақтың 1580-іне дұрыс жауап берген шымкенттік Сымбат Көшероваға (ол да Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі) 20 университет (Швейцария, Корея, Франция, АҚШ және т.б. елдердің оқу орындары) шақыру жіберген.  Білім деңгейі жоғары жастарымыздың әлемдегі беделді оқу ордаларында оқығаны жақсы-ақ шығар. Алайда, түлектеріміздің жаппай сыртқа кетуінен еліміздегі жастардың саны күрт азаюда. Екіншіден, батыстың лас мәдениетін өн-бойына сіңірген жастар сол оқыған жерлерінде қалып қоюда. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті, түйткілді мәселесінің бірі. Біз қазақ жастарының қай елдерге, не себептен кетіп жатқанына талдау жасадық.

Түлектерімізді Ресей «жұтып» жатыр

            Шындығын айтсақ, біздің түлектерімізді магнитше тартатын бірінші ел – Ресей. Қазір шетелде оқып жүрген 91 мыңнан астам қазақстандық студенттердің 70 мыңы солтүстіктегі көршіміздің университеттерінде білім алуда. Жақында Омбыда өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин 70 мыңнан астам қазақстандық студенттердің Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитынын мәлім етті. Түлектеріміз көбінесе Сібір, Урал және Волга бойындағы университеттерді таңдайды екен. Айтпақшы, мәңгілік достыққа серттескен көршіміз 2024 жылы шетелдік студенттерге бөлінетін квотаның көлемін екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Ал Қазақстандағы жоғары оқу орындарының саны соңғы 10 жылда 167-ден 132-ге (кейбір деректе 122 делінеді) дейін қысқарды. Яғни, алдағы уақытта түлектердің Ресейге ағылуын тоқтата алмайтынымыз анық.

            Енді түлектердің санына келейік. Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева жыл басынан бері Қазақстаннан Ресейге 59,3 адам оқуға барғанын мәлімдеді. «Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекаралық бөлімінің мәліметтері бойынша 2019 жылдың басынан бері Ресейге оқуға 181,5 мың адам барған. Соның ішінде, төрттен бірі – Қазақстаннан (59,3 мың), салыстыратын болсақ, Қытайдан 21,2 мың, Өзбекстаннан – 14 мың, Украинадан – 13,2 мың студент бар» деді депутат биыл 18 қыркүйекте Үкімет басшысы Асқар Маминның атына жолдаған сауалында. Сәл кейінірек, Үкімет басшысы депутаттың сауалына жауап беріп мынадай мәліметтерді келтірді: «Соңғы үш жылда республика бойынша мектеп бітірген түлектердің саны 394 197 адамды құрады, соның ішінде 298 113 адам Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсті, шетелдерге оқуға кеткен түлектердің саны – 13 081». Сонда қай мәліметке сенеміз?

            Ал «Ресейлік білім беру қызметтерінің экспорты» атты статистикалық жинақта келтірілген деректер мүлдем басқа. Мәселен, 2016/2017 оқу жылында Ресейде Қазақстаннан барған 71,8 мың студент, соның ішінде 39,7 мыңы – күндізгі бөлімде, 32 мыңы – сырттай бөлімде оқыған. Осы кезеңде 6,2 мың қазақстандық бозбала-бойжеткендер орта кәсіби білім алған. Енді салыстырып көрсек: 2010/2011 оқу жылында Ресейде 30 мың студент оқыса, 7 жылда олардың саны 2 есеге артқан. Мұның себебе неде? Ресейлік оқу орындарының тартымды болатыны, біріншіден, тегін оқиды, қомақты шәкірт алады, университет есебінен жатақханада тұрады, бітірген соң жұмысқа орналасады. Осындай жеңілдіктер берілетін ресейлік мамандар әр жылдың басынан бастап, Қазақстанның солтүстігіндегі өңірлерін аралап, мектеп бітірушілерге үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізеді.

            Екіншіден, оқудың ақысы арзан, әрі сапалы. Екі елдің оқу орнындағы ақылы бөлімдердің құнын салыстырайық. Мысалы, Новосібір мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша оқитын студент жылына 1,9 мың АҚШ долларын төлейді. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы мамандыққа бір жылда 3,2 мың АҚШ долларын төлейді. Ақпараттық технологиялар мамандығына оқу үшін ресейлік университетте – 2 мың АҚШ долларын, қазақстандық университетте – 2,7 мың АҚШ долларын төлейсің. Бұл аз десек, Қазақстанда Ресей университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Омбыдағы кездесуде В. Путиннің өзі ашық айтты.

Оқу арқылы көшуді көздейді

            Жасыратыны жоқ, қазір еліміздегі ең үздік, ең білімді жастар шетелдерге кетіп жатыр. Бұл «ағынның» себептері көп. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, биыл ресейлік университеттерге оқуға түсуге 3 мыңнан астам қазақстандықтар өтініш берген. Ресей Үкіметі қазақстандық абитуриентерге 455 білім беру грантын бөлді. Бұдан бөлек, Қытайдың, Оңтүстік Кореяның, АҚШ-тың, Германияның, Чехияның, Польшаның, Канаданың университеттері де біздің түлектерімізді қызықтыратыны сөзсіз. Алайда, олардың бәрі грант бөлмейді, сол себептен көптеген абитуриенттер ақылы бөлімге оқуға түседі.

            Қазақстандық студенттер көбінесе Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ-тағы рейтингі жоғары оқу орындарын таңдайтыны мәлім. «Логос» білім беру орталығының директоры Алтынбек Бегалиевтің айтуынша, студенттер көбінесе ағылшын тілінде оқуды қалайды. «Бұл елдердегі орташа оқу құны – жылына 20-30 мың АҚШ доллары. Сондай-ақ, бір жыл өмір сүруге тағы 10 АҚШ доллары қажет. Алайда, бұдан арзанырақ елдер де бар. Мысалы, Польша, Венгрия, Чехия, Кипр, Түркияда жылына 2-5 мың еуро төлеп оқуға мүмкіндік бар. Азық-түлік пен жатын орнына – 4-5 мың еуро жұмсалады» дейді ол.

            Турасын айтсақ, көптеген студенттер шетелдерге оқуға түсіп, сол жаққа көшіп кетуді армандайды. Мұндай елдердің қатарына: Австралия, Канада, Жаңа Зеландияны жатқызуға болады. Алтынбек Бегалиев: «Бұл елдерде оқу тек ақылы. Орташа құны 10-20 мың АҚШ долларын құрайды, бір жыл өмір сүруге 8-10 мың АҚШ доллары қажет» деп түсіндірді. Айтпақшы, Францияның, Чехияның, Австрияның, Германияның, Қытайдың және Оңтүстік Кореяның университеттерінде тегін білім алуға болады. Қазір Францияда Қазақстаннан 500-ге жуық студент оқиды.

            2004 жылы АҚШ-қа барғанымда Вашингтонда оқып жүрген қазақстандық студенттермен кездестік. Сонда үш университетте білім алатын 10 жерлесіміздің 8-і елге оралғысы келмейтінін, оқуын бітірген соң, АҚШ-та қалатынын ашық айтқан еді. «Бұл жақта алған керемет білімімізбен Қазақстанда қалай жұмыс істейміз? Өйткені, елімізде алатын жалақы өте мардымсыз» деген Айбек есімді қазақ жігітінің жауабын естіп, не дерімді білмей қалғанмын. Жастарымыздың шетелге оқуға барып, сол елдің азаматтығын алып, қалып қоятыны үйреншікті жайтқа айналып барады. Осы жазда Түркияның Аланья қаласында демалдық. Сонда шай сататын дүкенде жұмыс істейтін үш қазақстандықты кездестірдім. Шымкенттік Айша деген қыз Түркиядағы оқуын тәмамдап, өз кәсібін ашып алыпты. «Донер әзірлеудің қыр-сырын түріктерден үйрендім. Бұл – өзі бөлек өнер. Екі жыл оқып, үйреніп, содан кейін өз кәсібімді аштым. Бір қуанарлығы, бұл жақта ұлтыңа, дініңе, жынысыңа қарап ешкім алаламайды. Тапқан табысым да жаман емес. Бұйыртса, Аланьядан өзіме баспана сатып алуды жоспарлап отырмын» деп ағынан жарылды Айша. Астаналық Марина қазақ-түрік лицейінде оқып, Түркияда университет бітірген. Ол да елге оралғысы келмейтінін айтты. Өйткені, ол бір аптада Қазақстандағы екі айда алатын жалақысын табады екен.

            ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының қызметкері Камила Ковякина қазақ жастарының шетелге оқуға кетуінің көптеген себептерін айтады. «Біріншіден, халықаралық білім беру жеделдігі деген ұғым пайда болды. ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сүйенсек, кез-келген елден жастардың өзге елдерге кететінін көреміз. Қазір шекара ашық, оқуға мүмкіндік зор. Сондай-ақ, бір елдің дипломын екіншісі мойындайды. Екіншіден, шетелде білім алудың артықшылықтары бар. Өйткені, Қазақстанда да, шетелде де жұмысқа орналаса алады. Бәсекелестік артықшылық деген тек бізге ғана тән нәрсе емес. HSBC жүргізген сауалнама көрсеткендей, 15 мемлекеттегі ата-аналардың 41 пайызы өз балаларының шетелде білім алғанын қалайтынын жасырмай айтқан. Бұл әсіресе, Таяу Шығыс пен Азия елдеріне тән құбылыс» дейді сарапшы.

            Камила Ковякина білім қуған жастардың шетелдерге кетуінен зор қауіп көретінін ашық айтады. «Мәселен, Ресейде адам ресурстары жеткіліксіз. Бұған қоса, солтүстіктегі көршіміз аса ірі халықаралық көші-қон дәлізі болып табылады. Осы елден ең білікті мамандар дамыған елдерге аттанады. Алайда, Ресейді Оңтүстік Корея және Қытаймен салыстыруға келмейді. Өйткені, соңғы екі елде өте сирек кездесетін мамандықтың кәсіби тұрғыдан шебері болса ғана жұмыс табады. Бұл елдер әлемдеіг ең мықты деген мамандарды ғана шақырады» дейді К. Ковякина.

 





Наверх