Циркке деген қызығушылықтың кемігені рас па?

15 шiлде, 09:44317
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Соңғы жылдары ғаламтордың кеңінен қанат жаюы, әлеуметтік желілердің көбеюі цирк өнеріне деген жұрттың қызығушылығын кемітіп жіберді деген ой-пікірлердің айтылып жүргені рас. Мұндай жағдай бізбен көршілес Ресейде, Украинада және Еуропа елдерінде де көрініс беруде. Тіпті, 1990-шы жылдардан бері дүние жүзіне әйгілі болған цирк индустриясының алыбы – канадалық Дю-Солей циркінің де үлкен қиындықтарды басынан кешіріп жатқаны туралы да баспасөзде көп жазылады. Кейбір сарапшы-мамандар бұл мәселені цирктердің жан-жануарлардан бас тартуымен тікелей байланыстарады. Шынында да солай ма? Әлемдік цирктердегі аң үйретушілер мен акробаттар көрермендері мен табысынан айрылып жатыр ма, әлде, бұл жаңсақ пікір ме? Осы мәселені кеңірек талдау үшін, цирк индустриясының әлемдік деңгейдегі сарапшы-мамандарымен, қарапайым көрермендермен тілдестік.

«Азия жаңғырығы» әлемдегі ең үздік фестивальдердің қатарына кіреді

Шынында да цирк өнеріне деген халықтың қызығушылығы төмендеді ме, әлде, керісінше артты ма деген сауалдың жауабын жуырда елордамызда өткен 12-ші «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалінен таптық. 4-8 шілде күндері Астаналық цирктің іші көрермендерег лық толды. Сол күндері цирк бағдарламасын көріп отырып, балалармен бірге үлкендердің де цирк өнеріне деген зор қызығушылығын байқадық. Ал, 13 елден жиналған цирк әртістерінің өнер жарысының деңгейі өте жоғары болды. Бұл біздің пікіріміз емес. Әлемдік деңгейдегі цирк өнерінің майталмандарының айтқан сөзі. Қазылар алқасының мүшесі, Майамидегі «Фаерберд продакшн» компаниясының президенті Петр Дубинский «Азия жаңғырығы» фестивалі әлемдегі ең ірі, беделді 15 фестивалдің қатарына кіретінін айтады.

«Менің пайымдауымша, «Азия жаңғырығы» фестивалінің деңгейі жыл сайын тез өсіп келеді. Бұл әлемдегі ең үздік аймақтық фестиваль болып табылады. Бұл – Орталық Азия сияқты өте талантты, үлкен аймақтағы әртүрлі елдердің цирк әртістеріне өзін танытуға, цирк өнерінде мойындатуға мүмкіндік беретін жалғыз ірі фестиваль. Ол әлем бойынша өтетін ең үздік 15-17 фестивалдің қатарына кіреді. Олардың қатарында Монте-Карло, Қытай және Ресейдегі беделді фестивалдер бар. Ең бастысы, бұл өнер жарысы жаңа таланттардың бағын ашуға, өзін мойындатуға мүмкіндік береді. Сонысымен өте құнды» дейді Петр Дубинский.

Оның айтуынша, былтыр осы фестивалде керемет өнер көрсеткен екі қазақ қызы әуелі Италияға, кейінірек Монте-Карлоға шақыру алған. Ал биыл Әділет Тиканов жетекшілік ететін алматылық әртістердің «Ауыспалы саты» атты цирк нөмірі «Азия жаңғырығы» фестивалінің алтын медалін иеленіп, Беларусь Мемлекеттік циркінің директоры Владимир Анатольевич Шабанның атынан арнайы жүлде-Минскі фестиваліне шақыру алды. Бұл да – үлкен жетістік.

Цирктен аңдарды аластату - өнерді өлтіруге апаратын жол

Соңғы жылдары әлемдегі кейбір цирктердің аңдарды аластатып, тек театрлық қойылымдарға, мағынасыз шоуға айналып бара жатқанын шындық. Алайда, цирктің өзін, оның манежін жан-жануарларсыз көзге елестетудің өзі қиын. «Азия жаңғырығы» фестивалінің режиссері, Ресейдің Халық әртісі, әйгілі Корниловтар әулетінің 4-ші өкілі – Таисия Корнилова цирктен жануарларды аластатқан елдердің барлығы өнерді өлтіруге әрекет жасағанын айтады.

«Яғни, жан-жануарлар жоқ жерде, цирк те жоқ. Ол жәй ғана театрға айналады. Мысалы, менің туып-өскен жерім Латвияда қазір циркте үлкендерге арналған эротикалық шоу көрсетеді. Өз басым циркті жануарларсыз еш қабылдай алмаймын. Себебі, цирк дегеніміз – ат қораның иісі. Циркке келген әр адам балалық шағына саяхат жасап, аттар, пілдер, жолбарыстармен және өзге де аңдармен бірге, ғажайып әлемге еніп кетеді. Қай заманда да цирк жануарлар арқылы көрермендерді өзіне қызықтырған. Тіпті, цирктің дүниеге келген жері – Англиядағы Атлей циркінің өзі аттардың өнерін халыққа көрсетуден бастау алған. Ортадағы домалақ арена жануарлардың өнерін көрсету үшін жасалған. Ал, аңдарды цирктен аластататын болсақ, онда бұл өнердің не керегі бар?» деген пікір айтты ол.

Таисия Анатольевнаның пайымдауынша, жануарларды қорғаушылар бұл мәселені көтере берсе, цирк өнеріне үлкен қауіп төнеді. Өйткені, цирктегі аңдардың денсаулығы мен өмірі, құқықтары толықтай қорғалған.

«Мысалы, Ресейде аңдарды үйретушілерге лицензия беру туралы заң шықты. Яғни, кез-келген аң үйретуші маман аңдармен жұмыс істеуі үшін әуелі заңды түрде лицензия алады, содан соң аңдармен жұмыс істеуге рұқсат етілгені жөніндегі психиатр маманның қорытындысын ұсынады. Меніңше, аңдардың өмірі мен денсаулығын осылай да қорғауға болады» дейді ол.

Циркке деген қызығушылық: артты ма, кеміді ме?

«Латино» Халықаралық цирк фестивалінің президенті (Италия) Фабио Монтико цирк өнерінің жылдар мен ғасырлар бойы адамдарға ерекше жылылық, қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келе жатқанын айтады.

«Жыл сайын мен әлемдегі көптеген цирк фестивалдеріне барамын. Сонда бір байқағаным, цирк өнеріне деген халықтың ықыласы еш төмендемеген. Керісінше, заманауи технологиялар цирк индустриясына деген қызығушылықты одан сайын арттыра түсуде. Соның бір дәлелі, Нұр-Сұлтан қаласында 12-ші рет өткен «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі. Бұл фестивалдің биылғы ұйымдастырушылық деңгейі де, қатысушыларының құрамы да, қазылар алқасының алуандығы да, көрермендердің қызығушылығы да ғаламат болды. Цирктің атмосферасы бөлек. Өйткені, бұл жерде бірнеше өнер бір-бірімен қабысып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Менің ойымша, циркке деген қызығушылық ешқашан да кемімейді» дейді ол.

Мұндай пікірді Таисия Корнилова да қостайды.

«Мен жақында ғана Будапештегі цирк фестиваліне бардым. Халықтың циркке деген қызығушылығы өте жоғары екенін көрдім. Ресейдегі Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларындағы цирк қойылымдарын көрсеңіз, Еуропадағы цирктерді тамашаласаңыз, циркке деген көрермендердің ықыласының бір тамшыға да кемімегенін көрер едіңіз. Өйткені, цирк дегеніміз – бұл естен кетпейтін мереке, ерекше көңіл-күй сыйлайтын ойын-сауық, адамның жанын рақаттандыратын демалыс орны. Мысалы, биылғы «Азия жаңғырығы» фестивалі Нұр-Сұлтан қаласындағы цирктің бәріміздің көз алдымызда өсіп-өркендеп, дамып-жетіліп келе жатқанын көрсетті. Бұл көрермендер үшін аса маңызды нәрселердің бірі. Менің ойымша, бүгінгі ғаламтор мен теледидардың дәурені жүріп тұрған заманда адамдардың циркке деген қызығушылығын жоғалтпауының өзі – шынайы өнердің қадір-қасиетінің ешбір кемімегенінің көрінісі» дейді Таисия Анатольевна.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Азат Бабайұлының пікірінше, көрермендердің циркке деген қызығушылығы артпаса, кеміген жоқ.

«Мен жыл сайын, елорданың туған күнінде өтетін «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалін асыға күтемін. Балаларымды және өзге қалалардан келген туыстарымды ертіп, циркке барамын. Бұл өнерден алатын әсерді, ләззатты сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны көзбен көру керек. Мысалы, биыл сымтемірде өнер көрсеткен қытайлық акробат Жанг Фанның, вьетнамдық қос бишілердің өнерін көргенде аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Қандай ғаламат өнер! Мұндай өнердің өлмейтіні анық. Ал, кейбіреулер ғаламтор, театр циркке деген қызығушылықты жояды деген негізсіз пікір айтады. Өнердің бәсі де, өресі де, өрісі де биік болғанда, ол өміршең екені даусыз» дейді А. Бабашұлы.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх