Браконьерлікпен күрес: Заң күшейтілгенмен жауыздық жойыла ма?

12 қараша, 12:363852
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазақстанда күн сайын 3 мыңнан астам табиғат қорғаушы инспекторлар өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, табиғатымызды, ондағы жүгірген аң мен ұшқан құсты, судағы балықты қорғайды. Алайда, заң бойынша олардың өз өмірін және отбасын қорғауға ешқандай өкілеттіктері жоқ. Жыл басынан бері браконьерлерге аяусыз майдан ашқан үш қорықшының көз жұмуы – осының дәлелі. Заңмен шырмалған инспекторлардың шарасыздығынан, браконьерлердің жауыздығынынан қаншама жазықсыз жануарлар жаппай қырылып жатыр. Қорықшылардың өлімінен кейін бұл мәселеге назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікпен күресу үшін, заңнамаға тиісті түзетулерге енгізуді Үкіметке тапсырды. Ал Үкіметтегілер мен құзырлы ведомстводағылар Президенттің пәрменін орындай ала ма? Қазақстанда киіктерді және олардың өмірін сақтау үшін күресетін инспекторларды қорғайтын заңдық жүйе жаңара ма? Міне, осындай қоғамды ойландырған өткір мәселеге сараптама жасап көрелік.

Қазақстандағы браконьерлердің асқан жауыздығы жөніндегі хабар-ошарлар соғыс кезіндегі үрейлі ахуалды еске түсіреді. Биылғы қазан айындағы қайғылы оқиғалар тізбегі мынадай:

25 қазан. ҰҚК-нің қызметкерлері Алматы мен Шымкентте, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарының аумағында киік атумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесін ұстады.

Қылмыскерлерді тінту кезінде 1 тонна 118 келі (3 мыңнан астам тіршілік иесі) киік мүйізі тәркіленді. Мемлекетке келген шығынның көлемі - 5,6 млрд. теңге (!). Қылмыстық топтың 18 мүшесінің 9-ы соттың санкциясымен қамауға алынды. ҰҚК қылмыстық топ ұзақ уақыт әрекет етіп, қырылған киіктердің мүйізін сатумен, контрабандалық жолмен Қытайға жөнелтумен айналысқанын хабарлады.

25 қазан.  Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. Браконьерлердің соңынан қуған «Охотзоопромның» тағы бір инспекторы – Әділ Кенжеғұлов көз жұмды. Далада прожекторын жағып, киік атып жүрген браконьерлердің көлігін байқап қалған инспекторлар соңына түседі. Бірақ браконьерлер жеткізбей кетеді. Қуғын кезінде бір машина аударылып, ауыр жарақат алған Ә. Кенжеғұлов қайтыс болды.

26-27 қазан. Қарағанды облысы, Нұра ауданы. Табиғат қорғаушылар 72 киіктің жансыз денесін тапты. Оңай жолмен «мал табуға» құнығып алған қаскөйлер атып құлатқан 67 үлкен киіктің, 5 жас төлінің екеуінің мүйізін кесіп алыпты. Оқиға орнынан «Феттер» маркалы 12 калибрлі мылтықтың 5 оғы табылған.

27 қазан. Қарағанды облысы, Нұра ауданы. Түскі сағат 15.40 шамасында «Охотзоопром» және Нұра аудандық полиция инспекторларынан құралған жедел іздестіру тобы Қонақай көліне жақын жерде «Toyota Land Cruiser» маркалы автокөлігіне мінген браконьерлердің ақбөкендерді қырып жүргенін көреді. Сол сәтте қызметтік көліктерімен қуа жөнеледі. Алайда браконьерлер Ақмола және Қостанай облыстарының шекарасындағы Майлыкөлге қарай қашып, ізін суытады.

Жазасыз браконьер, шарасыз инспектор

Қазақстанда браконьерлік қылмыс әбден асқынып тұр! Мынадай сұмпайы статистика соның дәлелі: 2019 жылдың 9 айында елімізде 9 мыңнан аса табиғат қорғауға қатысты заң бұзушылық іс-қимылдар тіркелген. Соның ішінде заңсыз киік ату мен оның мүйізін сатуға қатысты 52 қылмыстық іс бойынша 46 адам ұсталып, 462 киіктің денесі, 667 мүйізі, 300-ге жуық қару-жарақ тәркіленген. Бұл статистика браконьерлердің жазасыздығын, табиғат қорғаушылардың шарасыздығын көрсетеді. Көп жағдайда қорықшылардың өздері де браконьерлермен сыбайласып алады. Мысалы, соңғы 5 жылда «мүйізді мафиямен» ауыз жаласқан 20 мемлекеттік қызметкер ұсталған, олардың ішінде «Охотзоопромның» инспекторлары да бар. Ал атышулы қылмыстан жасырынып, жазаланбай қалғандардың саны қанша? Өкінішке орай, ондай статистика жоқ! «Ерлан Нұрғалиевтің ісі» бұл қылмысқа құқық қорғаушылардың (полиция, прокуратура) өздері де араласып, өршітіп отырғанын көрсетті.

Биыл елімізді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғалардан (қаңтардағы Ерлан Нұрғалиевтің өлімі, шілдедегі Қаныш Нұртазиновтың атылуы) кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікке тосқауыл қою үшін тиісті органдарға тапсырма берді. 2 қыркүйектегі халыққа жолдауында Президенттің браконьерлік қылмыс үшін жазаны қатайту мәселесін көтергені мәлім. «Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

27 қазандағы қайғылы оқиғадан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы пікір білдіріп, өзінің Твиттердегі парақшасында: «Браконьерлер табиғат байлығы - киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек» деп жазды.

Енді Үкімет пен құзырлы министрліктегілер Президенттің тапсырмасын қалай орындайды немесе орындай ала ма дегенге тоқталайық. Экология, геология және табиғат қорғау министрлігі екі бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруда. Біріншіден, инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейтуге және заманауи жабдықтауға көңіл бөлінеді (бұрын неге көңіл бөлінбеген деген ой туады). Анығырақ айтсақ, құзырлы мекеме Парламентке жолданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында мемлекеттік инспекторларды әлеуметтік қорғау, оқыту, материалдық-техникалық жабдықтау мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстар енгізген.

«15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалатын инспекторлар ай сайын 80 мың теңге жалақы алады. Қазір Қаржы министрлігімен бірлесіп, жалақыны өсіру мәселесін көтеріп жатырмыз. Ведомствоға бағынатын ұйымдарда 3 091 инспектор бар. Барлық инспекторларды заманауи технологиялармен және техникалық құралдармен (дрондар, кеуде камерасы, арнайы техника, электрошокер, травматикалық қару, жеке қорғану құралы, бейнеанықтағыш және т.б.) жабдықтау үшін алдағы 3 жылға 6 млрд. теңге сұрап отырмыз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Экология, геология және табиғат қорғау министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Асқат Қайнарбеков. Ал ІІМ Жол жүру ережелеріне өзгеріс енгізіп, инспекторлардың көлік құралдарын арнайы автокөлік құралдары санатына жатқызуды ұсынған. Ондай жағдайда көліктерге дауыс зорайтқыш, жарқылдауық маяк орнатылып, жасыл түсті жолақтар салынады. Қош делік.

Заңнамаға қандай түзетулер енгізіледі?

Әбден ескірген заңымызда кемшілік жетіп артылады. Мысалы, браконьерлер автокөлік жолына шығып қашса, қууға, тоқтатуға, оқ атуға құқығы жоқ. Екіншіден, инспекторларға қару қолдануға тыйым салынған. Тек өміріне қауіп төніп, браконьер өзіне оқ атқанда ғана атуына болады. Үшіншіден, инспектор күдіктінің қаруын тартып алып, көлігін де тексере алмайды.

Енді заңнамаға енгізуге ұсынылған түзетулерге келейік. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің жануарлар әлемі және аңшылық шаруашылық басқармасының басшысы Айтуар Туғанбековтың айтуынша, инспекторлардың қосымша өкілеттіктері кеңеяді. «2019 жылдың басында Қарағанды, Ақмола облыстарында болған қайғылы оқиғалардан кейін «Охотзоопромның» бас директорының жарлығына сәйкес инспекторлар браконьерлерді қумайтын болды. Тек сырттай бақылайды. Ал ұстаумен құзырлы органдар айналысады. Енді біз заңды өзгертіп, браконьерлерді ұстауға, полиция бөліміне әкелуге, өз өміріне қауіп төнген жағдайда оқ атуға рұқсат беруді ұсындық. Қылмыстық кодекске мемлекеттік инспектордың өміріне қастандық жасағаны және ауыр залал келтіргені, өліміне душар еткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын бап (380 бап) енгіздік» деп әңгімеледі өзгерістер туралы басқарма басшысы.

Бұған дейін киік атып ұсталған адамға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 3 жылға бас бостандығынан айрылатын еді. Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілгеннен кейін, елімізде заңсыз киік атқан және бекіре тұқымдас балық аулаған адам 12 жылға дейін түрмеге қамалады. Үкімет Қылмыстық кодекстің 339-шы бабын барынша жетілдіріп, жазаны қатайтуды ұсынуда. Мәселен, айыппұлдар көлемі 7 575 000-нан 17 675 000 дейін ұлғаяды. Осы баптағы «Заңсыз аң аулау» деген бөлімде киік атқаны үшін бөлек қылмыс құрамы қарастырылады. Сондай-ақ, жаңа заңда заңсыз аңшылық пен балықшылықты қылмыстық әрекеттен қылмыстық іске ауыстыру қарастырылған. Өйткені, қылмыстық әрекет жасаған адам бар-жоғы 40 күнге қамалатын болса, қылмыстық іс жасаған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Киік атып қолға түскен адамның дүние-мүлкін толық кәмпескелеу – ең қатал жазалардың бірі болмақ. «Түзетулерге келсек, біріншіден, браконьерлердің мүлкін кәмпескелеуді, екіншіден, мұндай қылмыс жасаған азаматтығы жоқ тұлғаларды Қазақстан аумағынан шығарып жіберуді ұсынып отырмыз. Заңсыз аңшылықпен айналысқаны үшін санкциялар да ұлғайтылады. Мысалға, бұрын мұндай бап бойынша жануарларды жаппай қырып-жоюға жарылғыш заттар мен әуе, авто және мотоқұралдарды қолданған жағдайда жауапкершілікке тартатын болсақ, қазір бұл белгілерге оқ ататын қару, пневматикалық қару, оқ лақтыратын және суық қаруды (қылыш, найза) қостық» деп мәлімдеді Экология, геология және табиғат қорғау министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі басқосуда.

Заң жобасында браконьерлерге қатысты жазаны қатайтатын мынадай өзгерістер ұсынылған: бірнеше рет браконьерлікпен айналысқан, топ құрып немесе алдын-ала сыбайласып қылмыс жасаған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қылмыс жасаған, қызметтік лауазымын пайдаланып қылмысқа барған, мемлекетке ірі және аса ірі көлемде зиян келтірген азаматтар қатаң жазаға тартылады.

Заң жобаларына кірмеген өзгерістер қандай?

Енді заң жобаларына кірмеген, Қазақстан қоғамы биліктен талап етіп отырған өзгерістерге келейік. Көп жағдайда браконьерлер құқық қорғаушылармен, инспекторлармен ауыз жаласып, «мүйізді мафияның» батпанқұйрық бизнесін қыздыра түсуде. Қазақ халқының қаһарман ұлы, «Охотзоопромның» инспекторы, марқұм Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлердің қолынан қаза табуы осы саладағы көп былықтың бетін ашып берді. Бір өкініштісі, «мүйізді мафияға» еліміздегі құқық қорғау органдарының өкілдері қолдау көрсетіп келеді. Өйткені, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қара базарда құны қымбат киіктің мүйізін жинау, шетелге шығару ісін тұрақты жолға қойғаны байқалады.

Парламент депутаттары браконьерлер мен полицейлердің ауыз жаласып алғанын бірнеше рет қатаң айыптады. Өкініштісі сол, жаңа заңнамада құқық қорғау органдары қызметкерлерін қатаң жазалау туралы бап жоқ. Біз осындай сауалды Асқат Қайнарбековке қойып, мынадай жауап алдық: «Заң бәріне бірдей. Бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен азаматтар браконьерлікпен айналысса, заң аясында басқа азаматтармен бірдей жауапқа тартылады. Тергеу, сот органдары олардың қылмысын дәлелдеген жағдайда осындай жаза беріледі». Қылмыстық кодекстің 337-ші бабының 4-ші тармағында және 361-ші бабында құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып, браконьерлік жасаған жағдайда оларға қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік көзделген.

Енбей қалған екінші өзгеріс - елімізде киік атуға мүлдем тыйым салып, оның мүйізі мен тұяғын экспорттау қылмысына толықтай тосқауыл қою үшін мәңгілік мараторий жариялауымыз қажет. 2019 жылы 29 наурызда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған бір топ сенаторлар осындай ұсыныс айтты. Сонымен қатар, «Қорғалжын-Теңіз» аумағында киіктерді қорғайтын Ұлттық парк құру, киіктерді қорғау ұйымын ашу жөніндегі депутаттардың ұсыныстары да Үкімет тарапынан елеусіз қалғаны өкінішті-ақ. Бір ғана нәрсе анық: адам баласының табиғатқа, оның ішінде ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы өзгермей, күштік құрылымдардың өз қызметіне деген адалдығы бірінші орынға шықпай, браконьерлер әлі қаншама уақыт сайран салып жүре береді. Заң түзетілгенмен, жауыздық жойылмайды.

 





Наверх