Бассейнде трамплиннен төменге секіруден сал болу қаупі жоғары – нейрохирург

07 тамыз, 15:41322
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Үш айға созылған жаз мезгілі де аяқталуға жақын. Тамыз айы жаздың соңғы айы болғандықтан оны барынша үш ай сияқты өткізу керек деген ұғым қалыптасқан. Міне, әсіресе осы шақта жағажайлар мен аквапарктерді жағалап, демалысын барынша көңілді өткізгісі келетіндердің қатары күрт артады. Дегенмен демалыс орындарында арнайы нұсқауларды сақтамаған адам өмірінің соңына дейін мүгедек болып қалатынын ұмытпаған жөн. Біз осы орайда нейрохирург дәрігер мен нұсқаушы маманның ақыл-кеңесіне жүгіндік.

 

«Аяқ-қолы істемей, есеңгіреген халде жатыр...»

«Демалыс орындарынан жарақат алатындар бізде де жоқ емес. Бірақ олардың дені Павлодар өңірінде көбірек. Ертіс өзенінде, Баянауылдағы Жасыбай көлінде белгіленбеген жерде суға түсіп жарақат алып жатады. Ол жақта тіпті, өлім-жітім де көп. Мәселен екі апта бұрын Ертіс өзенінде 15 адамның суға ағып кеткенін естідім», – деп бастады әңгімесін елордалық №1 аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Файзулла Смағұлов.

Айтуынша екі күн бұрын елордадағы аталмыш ауруханаға қала маңындағы демалыс орындарында жарақат алған бір адам түсіпті. Оның алдағы жағдайының қалай болары әзірге белгісіз.

«Науқас демалыс орындарының бірінде суға басымен секірген. Судың таяздығын есептемеген ол мойнын сындырып, омыртқасына зақым келтіріпті. Енді аяқ-қолы істемей, есеңгіреген халде жатыр. Оның емделіп жазылуы, ары қарайғы жағдайы қалай өрбитінін тіпті болжай да алмай отырмыз. Қазір травматикалық шок алған күйде жатыр. Үш-төрт күн өткеннен кейін ғана жағдайы белгілі болады», – дейді нейрохирург дәрігер.

Демалыс орындарында кездесетін жағдайдың бірі – адам қызуқандылық әсерінен жарақат алып қалғанын уақытында біле алмайды. Бірі су астына аяғымен қатты түсіп, ал оны ауыртып алғанын болмашы нәрсеге теңейді.

«Иә, ол рас. Бір қызығы, аяқ-қол сүйегінің сынғанын бірнеше айдан кейін білетіндер бар. Ондай жағдайда бітіп кеткен сүйекті қайта сындырып, орнына саламыз. Мұндай жағдайға тап болмас үшін ең алдымен аурудың ұзақтығына мән берген жөн. Егер тері жарақаты болса, ол сүйектің сынғанындай ұзақ ауыра қоймайды. Сүйектің сынғанының бір белгісі – адамның жүрегі айнып, басы айналады. Ал басымен суға секіріп, жараланған адам сол арада есінен танып қалады. Суға тұншығып қалмас үшін бірден жағаға шығарып, алғашқы көмек көрсету қажет. Есін жиған соң аяқ-қолы жансыз болып тұрса, демек омыртқасына зиян келтіргенінің белгісі», – дейді маман.

Жүрегі ауыратын адам жағажайға жиі бармасын

Файзулла Смағұлов сөз арасында мынадай ауруы бар адамның суға басымен секірмеуін, тіпті жағажайға жиі бармауын кеңес етті.

1. Жүрегі ауыратын адам. Құм үстінде қыздырынып жатқан ол салқын суға барып секіргенде температура айырмашылығы оның жүрек тамыр жүйесіне зиянын тигізеді.

2. Эпилепсиямен ауыратын адам. Суға секірген сәтте стрестік күйге тап болып, есін жоғалтып алуы мүмкін. Ал оны дер кезінде шығармаса соңы өліммен аяқталуы мүмкін.

3. Алкогольді ішімдік ішіп, мас күйде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Адам мас күйінде өзінің шама-шарқын айыра алмайды. Жағадан ұзап кетіп, кері қайта алмай, суға тұншығып қалады. Қайғылы жағдайдың көбіне осы ішімдік себеп болып жатады.

4. Ерекше артық салмағы бар адам жағадан ұзап кетпесін. Себебі, салмағы ауыр кісілердің біразы түрлі ауруға бейім келетіндектен, су астында жағдайы қалай өзгеретінін көбісі уақытында байқап үлгермейді.

5. Тамаққа қатты тойып алып, суға секіруге болмайды. Су астында оның жүрегі тоқтап қалуы мүмкін.

Нейрохирург дәрігер курортқа немесе демалыс орындарына кетіп бара жатқан жұртқа жоғарыда айтылған кеңестерін жеткізе отырып, балаларына баса назар аудару қажеттігін ерекше қозғап өтті.

Нұсқаушы не дейді?

Біз осы орайда «Алатау» спорт кешенінде кішкентай бүлдіршіндерді жүзу спортына үйрететін жаттықтырушы әрі нұсқаушы болып жұмыс істейтін Аслан Байдалинмен кездесіп, бассейнде жүзудің әдіс-тәсілін сұрадық.

«Бассейнге келетіндердің көбі суға дұрыс секіре алмайды. Бірі суға басымен кіріп жатса, енді бірі ішімен, тіпті шалқайып кетіп, арқасымен түсіп жатады. Ал ең дұрысы, екі қолды жоғары көтеріп, бір-бірінің үстіне қойған соң тура сол қалпында секіру керек. Яғни, суға алдымен қолы бірінше түседі. Сонда суға түскендегі алғашқы соққыны басы емес қолы қабылдап, жарақаттың кез келген түрінен аман қалады. Мұны жұртшылық біле бермейді. Біз нұсқаушы ретінде оларға дер кезінде ескертіп жатамыз», – дейді ол.

Бізде бассейнге келген жұртшылықтың өзін өзі ұстау мәдениеті жоғары болса екен. Әрі қауіпсіздікті естен шығармаса дейді мамандар.

«Біз бассейндегі қауіпсіздікке жауаптымыз. Үлкендерге әрі балаларға арналған тұстарын барынша бақылауда ұстаймыз. Бізге келетіндердің бір бөлігі бассейнде неше түрлі трюктар жасауға құмар. Мәселен, бір ер адам сальто жасап, оны өзімен бірге келген кішкентай ұлына қайталатпақ болды. Баласы сол арада қайталаймын деп кафельге басымен түсті. Қайта жарақат алмай, аман қалды», – дейді нұсқаушы.

Бәрімізге белгілі, «Алатау» спорт кешенінде көздің жауын алар биіктегі бірнеше метр трамплин бар. Ал оған кез келген адамды шығара бермейді.

«Бізде үлкен трамплин бар. Ал сол арадағы судың тереңдігі 4 метр. Оған қызығушылық білдіріп, секіргісі келетіндер көп. Бірақ олардың бәріне рұқсат беруге болмайды. Ең алдымен ниет білдірген адамның суға секіру спортымен кәсіби айналысқанына мән береміз. Егер ондай қабілеті болмаса қарапайым, көпшілік суға секіретін орындарды ғана кеңес етеміз. Себебі, бұл оның өмірінде суға соңғы рет секіргені болуы мүмкін», – деді «Алатау» қызметкері.

Аслан Байдалин сөз арасында 15 жасқа толмаған балалардың үлкен бассейнге ата-анасының қарауынсыз жалғыз түсуіне рұқсат берілмейтінін ерекше айтып өтті. «Алатауда» төрт нұсқаушы жұмыс істейтіндіктен тәртіпке аздап қаталдау. Бұған бассейнге барған жұрт та күнделікті көз жеткізіп жүр.

«Біз салмағы ауыр адамдарды көзден таса қылмаймыз. Әрине олардың суға түсуіне тыйым салмаймыз, бірақ хал-жағдайының дұрыстығын үнемі назарда ұстаймыз», – деп ойын қорытты ол.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх