Балабақшадағы баланы камера қорғай ма?

06 желтоқсан, 17:221073
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазір балабақшаға баратын балақайлардың қауіпсіздігі деген түйткілді мәселеге біздің қоғам да басын қатыра бастады. Өйтпегенде қайтеді, екі күннің бірінде теледидардағы жаңалықтардан балабақшадағы балаға жасалған қастық, зорлық-зомбылық, заңсыздық іс-әрекеттерді көреміз. Шыны керек, бұл әр отбасын алаңдатып отырған мәселе. Тіпті, ай мен күннің аманында баласын балабақшаға, мектепке, колледжге немесе университетке жіберетін ата-аналар артынан үлкен үреймен шығарып салатындай жағдайға жеттік. Себебі, БАҚ-тардағы жантүршігерлік оқиғалар азайғанның орнына керісінше, көбейіп барады. 

Дәретханада зорланған бала, Алматыдағы балабақша тәрбиешісінің бір баланы ұрламақ болғаны, Қостанайдағы қазан айындағы елді дүрліктерген оқиға деп тізбектеліп кете береді. Расында да, Қостанайдағы №6 балабақшада болған сорақылық жұрттың жағасын ұстатты. Сөйтсе, әлгі заңсыздыққа барған өте тәжірибелі тәрбиеші екен. Өзінің зейнет демалысына шығуына 1,5 жыл уақыт қалған. Айтпақшы, баланы төмпештеген тәрбиешінің «қылығы» кішкентей балақайлардың өздері ата-анасына айтыпты. Сөйтіп, ата-аналар балабақша басшылығынан бейнежазбаны сұрағанда оқиғаның анық-қанығына жеткен. Нәтижесінде, жазылған шағымға сәйкес, бала ұрғыш тәрбиеші жұмысынан қуылды. Соған қарамастан, ата-аналар прокуратураға жүгініп, балабақшаға онлайн-камера орнатуды өтінді. Әкімдіктегі мамандар ол үшін нормативтік құжаттардың елімізде жоқтығын тілге тиек етіпті. Ал, ендеше!

         Балабақшадағы балалардың қауіпсіздігі мәселесін жуырда Мәжіліс депутаттары да жабыла көтерді. Халық қалаулыларының пайымдауынша, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі – балабақшаларды бейнежазба жүйелермен жабдықтау. Мәжілісші Әбдіманап Бектұрғанов әуелде балабақшаға террористердің кірмеуі үшін орнатылған бейнекамералардың қазір баланы «қызуқанды» тәрбиешілерден қорғайтын құралға айналғанын жасырмай айтты. «Басында мұндай бейнекамералар антитеррорлық қауіпсіздік шаралары үшін орнатылды. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бұл құрал балаларды ұратын кейбір тәрбиешілерді анықтауға көмектесуде» деді ол Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына жолдаған сауалында.

         Айтпақшы, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған ресми мәлімет бойынша, биыл елімізде 10 314 балабақша болса, соның ішінден 6 565-і ғана – мемлекеттік, ал қалған 3 749-ы – жекеменшік екен. Бұл балабақшалардың барлығы бейнежазба жүйесімен қамтамасыз етілмегені айдан анық. Депутаттар 6 565-тің тек 2 465-інде ғана бейне камералар орнатылғанын, олар негізінен аула аумағында, дәліздерде және жалпы залдарда ғана қойылғанын мәлім етті. Ал, балаларға қатысты неше түрлі заңсыздықтар бой көрсететін топтарда ондай техника қойылмаған. Неге бұлай? Бұған ешкім жауап бермесі анық. Тіпті, балабақша басшылығы кейбір жағдайларда тәрбиешілердің заңсыз іс-қимылдарын жасыру үшін әдейі қойғызбауы да мүмкін.

         Ата-аналарды алаңдатып отырған тағы бір жайт – балабақшадағы күзеттің әлсіздігі. Шетелдерде мұндай нысандарды бес қаруын сайлаған құқық қорғау қызметкері күзетеді. Өйткені, адам өмірі, оның ішінде баланың қауіпсіздігі – ұлттың қауіпсіздігі. Бірақ, бізде әзірге мұндай ұстаным да, ұмтылыс та жоқ. Соның дәлелі шығар, кейбір мемлекеттік балабақшаларда күзетші кейпіндегі «жәй» адамдар кірген жандардың аяғына бахил киген-кимегенін ғана қадағалап отырады.

         Жуырда ғана көрші елде болған қайғылы оқиға елді дүрліктірді. Ақыл-есі түзу емес бір адам балабақшаға кіріп кетіп, ойран салып, жазықсыз баланы өлтірді. Яғни, жаманшылықтан сабақ алуымыз керек. Әр баланың амандығын ойласақ, қауіпсіздікті балабақшадан бастайық. Айтпақшы, Әбдіманап Бектұрғанов бастаған депутаттар мынадай ұтқыр ұсыныс жасады: «Барлық балабақшалар мен мектептер орналасқан аумақтарға патрульдік кезекшілік шығарайық!». Өте құптарлық-ақ ұсыныс. Өйткені, біз қазір кез-келген балабақшаның немесе мектептің жанынан патрульдік кезекшілік атқаратын адамдарды көрмейміз. Осы жылдың 19-шы қарашасындағы Алматыдағы мектептердің бірінде болған қайғылы оқиға жұрттың есінен шыққан жоқ. Қаныпезер қылмыскер 12 жасар мектеп оқушысына пышағын жалаңдатып, бас салған. Ал, сол кезде аумақта патрульдік кезекшілік атқаратын қызметкерлер болса, жағдай өзгеше болар еді. Қош делік.

         Шыны керек, балабақша мен мектептегі күзетті бұрын жасы егде тартқан апа-әжелер атқарушы еді. Солардан артық сенімді, адал күзетші болмайтын. Қазір бір «Сергек» камераларын жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрміз. Ендеше неге барлық ата-аналарға осы «Сергекті» кез-келген уақытта қарап, өз баласының қауіпсіздігіне көз жеткізіп отыратын жағдай туғызбаймыз. Бұл мәселені әуелі Парламентте заңды түрде бекітуіміз керек. Және депутаттар айтқандай, барлық балабақшаларға камералар орнатып, оны әрбір топқа қосып қою қажет. Сол кезде белгілі бір нәтиже шығады.

Сарапшы-маманның пікірі:

         Сергей Саминский, Ресейдегі «Қауіпсіз мектеп» қауымдастығының президенті: «Балабақшадағы қауіпсіздікті орнықтыру үшін, ең әуелі білікті күзетшілер керек. Олар өткізу жүйесін қатаң бақылауы тиіс. Келген адамның қандай да күдік туғызатын әрекетін байқаған жағдайда, жедел құжатын тексеріп, немесе дабыл нүктесін басуға мүмкіндігі болғаны абзал. Меніңше балалар мекемесінің күзетінің дұрыс формуласы мынадай: білікті күзетші, үздік бейне бақылау жүйесі және әр баланың өмірі үшін жауапты қызметкер».





Наверх