Адал еңбек – ортақ жеміс

30 желтоқсан, 10:29477
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Жаңа қарқынмен екпін алған бүгінгі қоғамның даму деңгейі күн санап артып келеді. Мұндай қоғам - өзгерістерге және қоғаммен ашық диалог жүргізуге дайын тиісті мемлекеттік аппаратпен қатар жүргенде, күттіретін үміт те аз емес. Ендеше мақсат пен міндеттер азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталу керек. Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру арқылы еліміздің жемқорлыққа қарсы саясаты дамудың жаңа кезеңіне өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауына азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеді.

Бүгінгі күні қоғамдық бақылаудың өсуін және әлемдік даму қарқынын ескере отырып, азаматтардың заманауи талаптарын қанағаттандыратын мемлекеттік басқару әдістері жаңаруда.

Өздіріңізге белгілі, елордамызда тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Астана – адалдық алаңы» атты «бірегей» жоба қарқынды қызмет атқаруда. Олай деуге себеп көп. Жоба –  қарапайым халық тарапынан кең қолдауға ие болды. Сонымен қатар қоғам қайраткерлері мен белсенділер тобы ортақ мүдде үшін қарқынды қызмет атқаруда. Нәтиже де аз емес. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында жобаның қызметіне оң бағасын беріп, бүкіл ел бойынша бірлесіп атқаруды жүктеді. Бұл - жоба менеджерлерінің одан сайын жемісті әрі табысты қызмет етуіне, оларды ынталандыруға жаңа серпін бергендей болды.

Елордада мемлекеттік органдардың қолжетімділігін және жоғары сапалы кері байланыс орнату бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Қаламыздың «Сарыарқа», «Есіл» аудандандары әкімдіктерінде «Open space» форматында қызмет көрсететін фронт кеңселері ж9мыс жасайды. 

Әкімдіктер Оpen space форматында түрлі қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетеді. Тұрғындарға Жұмыспен қамту орталығы, Тұрғын үй қоры, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазпошта және аудан әкімдігінің қызметкерлері сапалы кеңес береді.

Залда кітапхана, балалар бұрышы, кофе-бар орналастырылып келушілерге ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау бөлмесі жабдықталған.

Сондай-ақ шаһар басшысы келесі жылдың 1-тоқсанында «Алматы» және «Байқоңыр»  аудандарын аталған форматқа ауыстыруды тапсырғанын атап өткен жөн.

12 желтоқсанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі елордалық департаментінің жаңа ғимараты мен «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік орталығы ашылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов, дипломатиялық корпус, ақпараттық үгіт-насихат штабының өкілдері, аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, мәжіліс депутаттары, «Астана-адалдық алаңы» жоба менеджерлері мен арнайы мониторингтік топ және БАҚ өкілдері қатысты.

Орталықтың бірінші қабатында азаматтарды қабылдау бөлмесі, «Астана-адалдық алаңы» жоба кеңсесінің кабинеті, баспасөз орталығы, кәсіпкерлерге арналған кабинет және балалар бұрышы орналастырылып «Open Space» фрматымен жабдықталған.

«ANTIKOR ORTALYGY» - бұл құқықтық алаң. Азаматтар жедел және қолайлы жағдайда білікті мамандардан қызықтырған сұрақтарына жауап алады.

Өткен жылы «Астана – адалдық алаңы» жобасы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары мәселелері бойынша ұсынылатын қызметтердің бизнес-процестеріне талдау жасаған болатын.

Жобаның ықпалымен 1950-і жылдары салынған ғимаратта жұмыс жасаған басқарма наурыз айында Open space форматында жабдықталған жаңа кеңсеге көшірілді.

Сонымен қатар медициналық құжаттарды бұрмалаумен айналысатын адамдардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп медициналық құжаттаманы тексерудің жаңа құралын енгізді.

Қалалық емханалар ұсынатын «уақытша еңбекке жарамсыздық парағына» құжаттың нақтылығын тексеруге мүмкіндік беретін QR-код енгізілді.

Аталған код - SmartAstana мобильді қосымшасымен QR-кодты сканерлеу арқылы құжатты тексеруге мүмкіндік берді.

Әрбір дәрігердің кабинетінің есігінде QR-кодтары бар тақтайшалар орналастырылды. Емделушілер сканерлеу арқылы маманның жұмысын бағалайды. Аталған бағаға сәйкес денсаулық сақтау басқармасы тиісті шаралар қолданады.

Жоба аясында жемқорлықтың алдын алу мақсатында тағы бір мекеме құрылды. Маусым айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп еліміздегі алғашқы iQala қалалық қызметтер орталығын ашты.  

Мұнда қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі қызметтер көрсетіледі. Бұл орталықтың IQala деп аталуы интеллектуалдылығын білдіреді.

iQala – қала билігі мен тұрғындарының ара-қатынасының жаңа форматы. Атқарушы органдар мен коммуналдық және муниципалдық қызметтердің, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау институттарының қызметтерін бір жерге тоғыстырып, тұрғындарға «бір терезе» негізінде қызмет көрсетеді.

Орталықта 25 компания топтастырылып, барлығы 130 қызмет көрсетілетін болады. iQala жобасының аясында арнайы интернет-портал және мобильді қосымша жұмысын бастап, олардың көмегімен қала қызметтерін online режімде алуға мүмкіндік туады.

Әлеуметтік нысандар мен бюджетті пайдалану тиімділігін бақылау мақсатында «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» (publicbudget.kz) әзірленді.

Азаматтар карта арқылы қалалық объектілердің құрылысы және жөндеу жұмыстары үшін бөлінген бюджет қаражаты туралы мәліметті бақылай алады. Кез келген азамат тәулігіне 24 сағат бойы анықталған бұзушылық туралы хабарлай алады.

Қоғамның маңызды институты саналатын Отбасылық қарым-қатынастар да біздің назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, көпбалалы отбасылар немесе жалғызбасты аналарды қолдау мақсатында, оларды қысқа мерзімді курстан өткізіп, маман атануына жағдай жасау үшін әкімдікпен «Жанұя» орталығы ашылды.

Орталық қала тұрғындарына «бір терезе» қағидасы бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жерде тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек алу, білім алу, жұмысқа орналасу, өз ісін ашу, балаларды кезекке қою, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу және т. б. сұрақтарға жауап ала алады.

Бүгінгі күнге дейін 6042 мәселе бойынша 3666 адам орталықтың көмегіне жүгінді. Орталыққа келетін өтініштердің көбі атаулы әлеуметтік көмек, баспана, несие борышын өтеу мәселелеріне қатысты. Сонымен қатар, орталықта қала әкімінің қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Сондай-ақ аудан әкімдері, басқармалар мен басқа да ұйымдардың басшылары кестеге сәйкес азаматтарды қабылдайды.

Қазіргі таңда Агенттіктің бастамасымен адалдық, әділдік және парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Насихат жұмыстары қоғам өкілдерімен бірлесіп жүргізіледі.

«Адалдық алаңы» жобасы аясында парасаттылықты насихаттайтын лекторлық топ жетекшісі болып елімізге белгілі этнодизайнер, «Құрмет» орденінің және «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада тағайындалды. Ал елордалық департамент жанындағы штаб жетекшісі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел. Және штаб мүшелері қатарына белгілі азаматтар: Ербол Іргебай, Шыңғысхан Қожахметов, Ернар Жұматаев, Ерік Жолжақсынов, Алтыншаш Табулдина, Евгений Недельский қабылданды.

Аталған жаңашылдықтардың барлығы тұрмыстық жемқорлықты жойып, азаматтарға қолайлы жағдай жасаумен қатар, адалдық, әділдік, сенім құндылықтарын насихаттауға ықпал етеді.

Жастардың бойындағы адалдық пен әділдік, сенім мен қайырымдылық құндылықтарын оятып, насихаттау мақсатында мектеп оқушылар арасында «Адал ұрпақ» және колледж студенттері арасында «Саналы ұрпақ»  жобалық кеңсесі және «Парасаттылық сағаттары» жүйелі жүргізілуде.

Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу. Қаламыздағы Еуразия Ұлттық университетінің жанында болашақ жас мамандарды парасаттылыққа тәрбиелейтін «Әдеп» кеңсесі де ашылды.   

         Жоба аясында атқарылған нәтижелі жұмыстар бүгінде көптің көңілінен шығуда десек артық айтпаймыз. Бұл - халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған жұмыстар жоба қызметкерлерінің тың идеясы, белсенділігі және өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ілгері дамытуға қосып жатқан үлесінің арқасы. Нақты дәлел келтірсек: қай салада болмасын әкімшілік кедергілер айтарлықтай төмендеді. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың көріністері азайып, көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарды. Әдеп нормаларын сақтау қатаң бақылануда, ашықтық элементтері жоспарлы түрде енгізілуде, азаматтардың құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдени деңгейі көтеріліп, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасында сындарлы диалог құрылуда. Дамыған елдің қатарына қосылуға бұл еңселі жұмыс екені даусыз.

Тағы бір ескерерлік жайт, технология қарыштап дамыған заманда жұмыс, қарым-қатынасты смартфон мен компьютерсіз елестету мүмкін емес. Қазір интернет пен әлеуметтік желілердің арқасында барлығы ашық әрі қолжетімді. Бүгінде цифрлық технология күнделікті өмірмен етене жақын байланыс орнатты. Жоба жұмыстары да бұл бағытта одан ада емес. Барлық іс-шаралар онлайн-трансляциялар арқылы әлеуметтік желілерде жарияланады. Кез-келген мүдделі азамат кеңсеге келіп, бақылаушы ретінде қатысып, қабылданған шараларға баға бере алады.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан - Қазақстандағы инновациялар мен цифрландырудың үлгісі болып табылады, ал «Астана – адалдық алаңы» жобасы сервистік мемлекетті дамыту жолында жаңа бағыттар орнатуға және азаматтардың сенімін арттыруға мүмкіндік берді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы іс-шаралар жалғасатын болады. Алайда, өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету - әрқайсысымыздың міндетіміз. «Көп жұмылса – күш» демекші, біз азаматтардың тарапынан келіп түскен ұсыныс-тілектерді назарға алып, шешу жолдарын қарастырамыз, дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева.





Наверх