«Қазіргі уақытта біздің мамандарымыздың қатарына Қарулы күштердің сарбаздары да қосылды. Бүгінде қалада 475 адам дезинфекциямен айналысып жатыр. Оның жартысы – әскерилер. Қалғаны – осы кәсіппен айналысатын мамандар. Дезинфекция ең бірінші қай жерлерде жасалады? Біз алдымен вирустың ошақтарын анықтаймыз. Өздеріңізге белгілі, бүгінде қаладағы 10 шақты нысан карантинге жабылды. Олар – №1 автобус паркі, медициналық ұйым, жатақхана және тағы басқа да нысандар. Бұған дейін аялдамалар, қоғамдық көліктер, тротуарлар дезинфекцияланған. Қоғамдық көліктер тоқтады», – деді Алтай Көлгінов.
Қала басшысы қазіргі уақытта вирус жұқтырғандармен тығыз байланыста болғандар тұратын үйлердің кіреберістері дезинфекцияланып жатқанын атап өтті.
«Дезинфекция бұл – оңай жұмыс емес. Мысалы, бір маманның арқасына асып алған құрал-жабдығының салмағы 10 келіні құрайды. Ол сонымен күні бойы жұмыс істейді. Бүгін таңертеңнен бері 1 900 кіреберіске дезинфекция жасалды. Бұл шамамен 500 тұрғын үйді құрайды. Жұмыс әлі де жалғасуда», – деді ол.
Сонымен қатар елорда әкімі тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді.
«Әр аудандағы штабты аудан әкімдері басқарады. Қалалық штабқа мен өзім жетекшілік етемін. Барлық штаб тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Мемлекеттік комиссияның шешімімен осы аптаға демалыс жарияланды. Осы уақытты барынша пайдаланып, жұмыс жүргізетін боламыз», – деді А.Көлгінов.