Тарих, Рухани жаңғыру

Қорқыт ата мемориалды кешенінің тарихы

21 қараша, 12:026145

Қорқыт ата – Сырдария өлкесін қоныс еткен, оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан, ойшыл, жырау, қобызшы. Бізге жеткен аңыздардың бірінде Қорқыттың дүниеге келуі айтылады. Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтерген анасын жылына бір рет толғақ қысып отырыпты. Содан тоғыз күн толғатып, жер дүниені үш күн, үш түн нөсерлетіп, сұрапыл қара дауыл соғыпты. Сыр бойы мен Қаратауды қараңғылық басқаннан ол тауды «Қараспан» деп атаған.

Қорқыт туар кезінде,

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған,

Ол туарда ел қорқып,

Ол туған соң қуанған.

Бұл шумақ әлі күнге дейін атақты қобызшылар мен бақсы, жыраулардың қобызға қосып айтатын сарындарының бастамасы болған.

Қорқыт ата мазары 1925 жылдан опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Мазар 19 ғасырдың соңында Ә.Диваев, И.Кастанье, П.Лерх зерттеу­леріне негіз болған. Бізге «Түркістан альбомы» жина­ғында жарияланған фотосуреттер арқылы жеткен. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6-8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған.

Сол кездегі жұрттың хабарсыздығы болар, кейін бұл зиратты қайта жерлеу қажеттілігі туындайтынын ойламаған. Өйткені физикада Кориолис күші деген заңдылық бар. Бұл заң бойынша жер шарының солтүстік бөлігіндегі өзендер оң жақ беткейінің, оңтүстік бөлігіндегі өзендер сол жақ беткейінің арнасын шайып отырады. Осы заңдылық негізінде Сырдың Қорқыт ата жатқан жері кеміріліп, қобызшының қабіріне жақындаған. Сөйтіп, қайта жерлеу рәсімі 1968 жылы қолға алынған болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қорқыт ата қабірінің басына кесене орнатылсын» деген қаулысы шығады. Бұл міндет мүсінші Бек Ыбыраевқа жүктеледі.

КҮЙ ТӨГІЛГЕН КЕШЕН

Қайта бой көтерген Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жерде Қорқыт стансасына жақын төбе үс­тінде орналасқан. Сәулетші Б.Иб­раев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен тұр­ғызылып, 1997 жылы ес­керт­­кішті қалпына келтіру, жөн­деу жұмыс­тарының арқасында амфитеатр, қылует, қош­қар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасал­ған. Қорқыт ата мұрасынан 2 мыңнан астам жәдігер қойылған мұражайы бар. Реконструкциялаудың нәтижесінде кешендегі басты ескерткіш қобыз 8 метрден 12,1 метрге биіктеткен. Бұл Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүние­жүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын.

Ел арасында кең тараған Қорқыт пен қырық қыз аңызы бар. «Қорқыт қашан дүниеден көшкенше ажалға мойынсұнбаған. Өлімнен құтылудың емін іздеп, дүние кезіп жүрген екен. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрi» шыға берген. Қара жерде тұру қорқыныш бола берген соң, Қорқыт су үстінде тұрып көрейін деп, кілемін Сыр суының бетіне төсеп, мұңлы күйлерін тартыпты. Сарнап шыққан Қорқыттың қобызының дауысы естілгенде, өзен бойындағы елдер үйінде шыдап отыра алмайды екен. Олар тобымен өзеннің жағалауына жиналып күй тыңдайды. Қобыздың үні Сырдариядан алыс жатқан Арқадағы елдерге де жетеді. Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйін тыңдауға құмартып, үн шыққан жаққа беттеп жөнелген екен. Қыздар күндіз-түні жүріп, Бетпақтың шөліне кездеседі. Жол-жөнекей алыс сапардың қиындығынан 39 қыз дүниеден өтіп, Сыр бойы­на тек қырқыншы ақсақ қыз ғана жетіп, күйшіні көріп өледі. Аңыз бойынша «Ақсақ қыздың күмбезі» Қорқыт ата күмбезінің солтүстік тара­пында (арқа жағында) бір шақырымдай жерде биік белестің үстінде деседі. Оны «Ақсақ қыздың мұнарасы» дейді.

АҢЫЗДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

– Жетпісінші жылдардың соңы коммунистердің айдарынан жел есіп, халықтың да ұлттық санадан алшақтап, өз болмысына жатырқай қараған кездері еді ғой. Кесенені салу кезінде де жергілікті қызыл комиссарлардың түртпектеуінен талай түсінбеушіліктер туындады. Олардың қаупі де орынды, халықтың тағзым етіп күш алатын, космостық қуаты бар орынның айналасында күмәнді алып-қашпа сөз туындатып, қарапайым халықты дүдәмал халге жеткізу – оларға үлкен пайда. Құрылысқа кіріскен біздерді бір қырсық айналдырған сияқты. Шығармашылық тобымыздың арасында ши жүгірткен органдардың әрекеті, ерекше тылсым күштің көлеңкесінде, айдалада қалды. Құрастырушы, салушы, темірші, тас қашаушы сияқты әртүрлі мамандардан тұратын үлкен ұжымның кейбір мүшесінің отбасында қатарынан қайғылы оқиғалар бола бастайды. Сап-сау жүрген жүргізуші бір күнде жынданып кетеді. Екі қалада бір күнде, бір сағатта екі бірдей азаматтың әйел, баласының тосыннан қазаға ұшырағаны туралы суық хабар мүлдем есеңгіретіп жіберді, – деп осыдан біраз жыл бұрын сәулетші Бек Ибраев еске алып еді.

Содан Бек бастаған бірсыпыра азамат ел арасында аты шығып жүрген жеті жасар көріпкел қызды тауып алып, жолығып, себебін білмек болады. Жас бала: «бір апаны көріп тұрмын» деген сөзден басқа маңдытып ештеңе айтпайды. Жергілікті ақсақалдардың кеңесімен мүсіншілер Қорқыт қабірінен қашықтау жерде жатқан Ақсақ қыздың жартылай бұзылған моласын тауып алады. Аңғарған адам бұл қабірдің табиғи құбылыс­тың салдарынан емес, әдейі­леп техникамен бұзылғанын біле қояр еді. Осыдан кейін қабірді түзетіп, бастапқыда жобада ескерілмеген болса да, Ақсақ қызға да арнап белгі қоюға шешім жасайды. Бір қызығы, осы сәттен бастап елдің үрейін алған оқиғалар сап тыйылады.

Бұл күнде соққан желмен бірге күңіреніп күй шертетін Қорқыт қобызы өткен-кеткен жолаушылар мен халықтың зиярат ететін қасиетті жеріне айналған. Көрмеген, білмеген сенбес болар, бірақ бар қасие­тін ішіне бүккен ескерткіштің бізге белгілі тұстары осы еді.

Айгүл УАЙСОВА




Наверх